Жуырда, яғни 2018 жылдың 5-ші қазанында кешкі сағат 20:15 шамасында Бейнеу селосында орналасқан №12 «Гелиос» жанармай құю станциясы жанынан өтіп жатқан жоғары қысымды газ құбырынан үлкен көлемде газ шығып, сол маңда орналасқан тұрғын үйлер массивіне, жанармай станциясына, жанар май құюға келген және «Атырау-Бейнеу-Ақтау» тас жолы бойымен қозғалып бара жатқан автокөліктерге өртену қаупі төнген еді.
Осы мезгілде «Гелиос» ЖШС Ақтау филиалының еңбек қорғау, техникалық қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігінің инструктаж оқу сабақтарынан дәріс алған қызметкерлер О.Изтлеуов, Т.Клычов, «Дозор и К» күзет мекемесінің күзетшісі С.Қожабаевтар орын алған төтенше жағдайға жылдам дұрыс баға беріп, теория жүзінде алған білімдерін іс жүзінде сауатты қолдана білді. Олардың жедел қимылдауы төнген қауіптің алдын алуға мүмкіндік берді. Аталған қызметкерлер осы сәтте ЖҚС ғимараты ішінде болған басшы құрамға болған жағдайды тез жеткізеді. Сол мезетте «Гелиос» ЖШС Ақтау филиалы ЖҚС басқару бөлімінің басшысы Д.Баймағанбетовтің басшылық етуімен, қауіпсіздік қызметінің аға қызметкері Қ.Садуов, заңгер А.Абдильданов, менеджер Б.Оразбаевтардың шұғыл ұйымдастыруымен, май құюшы операторлар О.Изтлеуов, Т.Клычов, күзетші С.Қожабаев, жүргізушілер Қ.Тайғара, Е.Кенсариев, Қ.Елдесовтердің қатысуымен сағат 20:25-те жанармай құю станциясының кірме жолдары дереу жабылып, жедел қоңыраулар бойынша хабар берілді.
Оқиға орнына ең алғаш болып жеткен полиция қызметкерлері С.Тапишев, Н.Мусаев, А.Қалжановтар дереу автожолдарды жауып, кең көлемде ауаға тарап жатқан қою ақтүтек газ бұлтының көліктерден шығуы ықтимал ұшқын салдарынан үлкен өртке айналуына жол бермеді. Олардың ізін ала жеткен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері С.Теңізбаев бастаған төтенше жағдай қызметкерлері де өз тараптарынан нұсқау бойынша іс-қимылдар жасап, барлық жағдайға дайын тұрды. Оқыс оқиғаны естіген Бейнеу селосы әкімінің орынбасары С.Көкшеев те оқиға орына тез жетті.
Бұлардың артынша келген газ шаруашылығы мекемесінің басшылығы мен жедел бригада қызметкерлері тұрба құбырымен өтіп жатқан газды дереу бұғаттап, шығып жатқан газдың одан әрі ұлғаюына тосқауыл қойды. Газ мекемесінің қызметкерлері өрт қауіпін тәндірген орынды тексеріп, әбден қауіп басылған соң автожолдарды ашып, жанармай станциясына жұмысын жалғастыруға рұқсат берді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өзгерісті өзіңнен баста!Қазір қауіп сейіліп, жағдай өзінің қалыпты арнасына түскеннен соң түк болмағандай әсер қалдырады. Ал шын мәнінде бұл үлкен қасіретке алып келуі мүмкін еді. Себебі жарылған құбырдан тараған газдан пайда болған тез жанғыш бұлт станция аумағын толықтай жапқан болатын. Осы сәтте станция аумағында жанармай толтырылған үш бірдей арнайы май таситын көліктері май құюға келіп тұрған еді. Олармен қоса станцияның резервуар паркіндегі жанармай қорлары тағы бар. Егер күтпеген жерден ұшқын болғанда сол мезетте бұл маңда үлкен көлемде өрт болып, осылардың бәрі тізбекті реакциямен отқа оранып, оның арты алапат жарылыстарға алып келуі мүмкін еді.
Осылайша ауыл азаматтарының, сондай-ақ 101, 102 және 104 жедел қоңырауларында отырған кезекшілердің өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, кәсіби іскерлік танытып, ұйымдаса жасаған іс-қимылдарының арқасында төнген қауіптің беті қайтарылып, үлкен қайғылы оқиғаның алды алынды. Бұл азаматтардың осы әрекеттері өскелең ұрпақ үшін үлгі деуге тұрарлық болды.
Е.АСАНОВ Өрт қауіпсіздігі инжинері