Жақында Бейнеудегі Ұстаздар үйі ғимаратында Маңғыстау облыстық жұмыс тобының мүшелері «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру мақсатында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында цифрландыру кеңсесінің талдаушысы Наурызбек Ахметов жиналған көпшілікке цифрлық технологияларды пайдаланудың артықшылықтарын бейнекөрсетілім арқылы түсіндірді. Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Тәжібай Қайров қазіргі таңда қолданыстағы «Е - Шанырак» интелектуалды ақпараттық жүйесінің жеке тұрғын үй иелеріне оң әсерін, электр қуатын, жылу мен суды тұтынуды бақылауға қалай көмектесетіндігі туралы түсінік беріп, тиімді жақтарын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы Гүлмаржан Темірова «ДамуМед» онлайн мобильді қосымшасын пайдалану арқылы кез-келген тұлға үйден шықпай-ақ, үйден дәрігерге қоңырау шалуға, рецепт алуға, дәрігер мамандардың қабылдау кестесін көруге және қабылдау тізіміне кезекке тұруға болатындығы туралы айтты. Облыстық білім басқармасының маманы Күнсұлу Бисенбаева білім беру саласындағы жаңа технологияның қызметі туралы баяндады.
HR және СМЖ дамыту басқармасының HR-менеджері Алтынай Меденова жиынға қатысушыларға «Электронды цифрлық қолтаңба» жүйесін қолданудың тәртібін, бұл жүйенің тиімділіктері мен жүзеге асу жолдары жөнінде мағлұмат берді. Сонымен қатар «Қазтелеком» АҚ байланыс жүйесінің қызметкері Гүлжайна Тыныштықова қазіргі таңда қолданысқа еніп жатырған қазтелекомның «Ақылды үй» жобасы жайлы түсінік беріп, қауіпсіздікке арналған бұл камера құрылғысының қалай жұмыс жасау барысын көрсетті.
Үміт ҚАЗДАЕВА