Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Бейнеу ауданында 220 ауыл тұрғыны уақытша жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Ерлан Ишмуратов мәлім етті.
Оның айтуынша, бағдарлама басталғалы мамыр айында 60 жас екі қолға бір күрек тапқан. Алдағы уақытта тамыздың соңына дейін 220 студентті уақытша жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
«Бейнеу ауданында тоғызыншы еңбек маусымы басталды. Бұл бағдарлама ауданда 2013 жылы басталды. Жастар арасында сұраныс та жоқ емес. Қызығушылық өте жоғары десек болады. Өйткені жастар бос уақытында жұмыс істеп, отбасына көмектеседі. Жастар Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулыққа зиян тигізбейтін, күніне 4 сағатқа дейінгі жұмыспен қамтылады. Қазір жоба аясында «Жібек жолы» көшесінің бойында орналасқан ағаштарды суарып, сыртындағы қоршауларды сырлау жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын бағдарламаға қатысушы жастардың ұйымдастыруымен әр аптаның жұма күндері «Алтыбақан аясында», «Көңілді мәре» және өзге де көңілді шаралар өткізілетін. Әлемдік пандемияға байланысты бұл жұмыстар тоқтап тұр. Санитарлық нормалар мен қауіпсіздікті сақтау мақсатында жастардың бір жерде шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді. Арақашықтықты сақтай отырып жұмыс істеу кезінде жастардың бетперде мен қолғап киюі қадағаланады» - деді Ерлан Ишмуратов.