Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров тұрғындар алдында есеп берді. Оған аудан халқы мен Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов қатысты. 2019 жылдың 1 қаңтардағы мәлімет бойынша ауданда 160 600 адам тұрады. Былтырмен салыстырғанда халық саны 8300 адамға көбейген. Олардың 3806-сы табиғи өсімнің үлесінде болса, 4494 адам ауданға жаңадан көшіп келген. "Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 60 804,1 млн. теңгене жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7 866,9 млн. теңгеге көбейді. Өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индексі – 100%. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21 342,4 млн. теңгені болып, былтырмен салыстырғанда 4 986,4 млн. теңгеге көбейген. Құрылыс жұмыстарының көлемі - 15 062,5 млн. теңге", - деп атап өтті аудан әкімі. Былтыр Мұнайлы ауданында 170,6 мың ш.м. тұрғын үй салынған. Аудан бюджетінің 48,5%-ын білім саласына тиесілі. Оған 8 652,4 млн. теңге бөлінген. Бүгінде Мұнайлыда 15 мектеп пен 1 лицей бар, онда 30 845 бала білім алады. Былтыр түлектердің 225-і мемлекеттік грантқа ие болған. "Басқұдық, Қызылтөбе ауылдық округтерінде әрқайсысы 600 орындық 2 мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. 2019 жылы облыстық бюджеттен Батыр ауылдық округінен 960 орындық мектептің және Атамекен ауылы мен Басқұдықта қолданыстағы мектеп құрылысына қосымша әрқайсысы 320 орындық мектептің құрылысын бастауға 2 335 млн. теңге бөлінді", - деді аудан әкімі Р.Елтизаров. Құрылыс уақытылы басталса, келесі оқу жылына дайын болады екен. Ауданда 5637 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 8910 адам жұмыспен қамтылған. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 34 жобаға 455 млн теңге кепілдендіру берілді, субсидиялау бойынша 1 жобаға 22 млн. теңге мемлекеттік қолдау көрсетілген. «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы аясында Мұнайлда 830 млн теңгеге 46 жоба мақұлданған. Қазір оның 22-сі (439 млн теңге) қаржыландырылған. "Бүгінде Басқұдық, Атамекен, Қызылтөбе және Дәулет ауылдық округтерін және Маңғыстау ауылы, Бесшоқы (Маңғыстау-5) тұрғын үй массивін газбен қамту құрылысының және Батыр ауылдық округін электрмен қамтудың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан қорытындысы алынды. Жоба құны 2 570,1 млн. теңге", - деді Р.Елтизаров. Батыр және Дәулет ауылдық округін газбен қамту құрылысының және Баянды ауылын электрмен қамту құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Ал Баянды ауылын газбен қамту желісінің, Қызылтөбе және Маңғыстау ауылының электрмен қамту желісі құрылысының жобалық сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамада қаралуда (2019 жылдың ақпан айы). Осы ауылдардың инженерлік-инфрақұрылымдары жүргізілген жағдайда тізім бойынша кезекте тұрған аудан тұрғындарына жер телімі берілетін болады. Айта кетерлігі, Маңғыстау ауылынан 24 пәтерлі төрт қабатты жалдамалы 8 тұрғын үйдің және Батыр ауылы, Емір шағын ауданынан төрт пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылыстары аяқталған.
Маңғыстау облысының әкімі Тоғжанов аудан әкімінің есебіне оң баға беріп, алдағы уақытта атқарылатын бірнеше тапсырмаларды жүктеді.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71409,71408,71407,71406"]