Маңғысау ауданы әкімі Ж.Айтуаровтың және Шетпе селосының әкімі М.Мүтәллаповтың қорытынды есеп беру жиыны Н.Жұбаев, М.Атымов атындағы орта мектептерде және аудандық балалар өнер мектебінде өтті. М.Мүтәллаповтың берген есебі бойынша Шетпе ауылында 199 кәсіпкерлік нысан халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ 18 автокөлікке қызмет көрсету, 19 газ, 3 жанар-жағар май станциялары, мейрамхана, дәмхана, қонақ үй, шаштараз, жолаушылар тасымалы қызметі мен ауыл ішінде такси қызметі атқарылып келеді. «Қазақстанда жасалған» атауымен жергілікті тауар өндіруші жеке кәсіпкерлер Т.Абдуллаева, Қ.Жұбаева, Г.Махамбетова нан өнімдерін, М.Қармысов бұқтырылған төрт түлік еті мен балықтың консервісін және С.Изъядинқызы бөдене жұмыртқасын өндіріп отыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты, яғни «Кәсіпкерлерді қолдау арқылы жұмыс орнын ашу» бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 6 пайызбен 18 адам 79 млн.теңге көлемінде несие алды. Ауылымыздан 5 кәсіпкер еңбек, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 240500 теңге грантын жеңіп алды. Сонымен қатар жиында өткен жылы жасалған жұмыстардың жәйін саралаған аудан әкімі Ж.Айтуаров аудан экономикасының дамуына үлес қосқан әр саладағы жетістіктерге тоқталып, тұрғындар үшін атқарылып жатқан іргелі істерді тізбелеп өтті. Есептен соң халықтың мұң-мұқтажын, талап тілегін тыңдауға көшті. Тұрғындардың басым көпшілігі ауылдың тазалығын, кейбір шағын аудан тұрғындары жауын-шашын кезінде жаяу жүргіншілер жолының жоқтығынан жүріп тұрудың қиындығын айтса, енді бірі жекелеген мәселелер бойынша ұсыныс-тілектерін жеткізді. Көп қабатты үйлердің жылу, су мәселелері де қозғалып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар аудан әкімі тиісті мамандарға коммуналдық қызметтерге байланысты тарифтердің төмендеуі жіті қадағаланып, төлем төлеу кезінде ұсталатын комиссияның халықтың қалтасына түспей, тиімді болу жағын ойластыруды тапсырды.
А.НОҒАЙХАН