Тарих жылнамасынан қасіретті жылдар деген атпен орын алған зұламаттың бірі – ауған соғысы. Ауған еліндегі ішкі жағдайды жүйеге келтіруге көмектесу үшін БҰҰ-ның келісімімен 1979 жылдан бастап соғысқа араласқан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті он жыл жат елде соғыс отына шарпылды. Бұл соғыста талай ата-ана перзентінен айырылып, сансыз боздақтың асқаралы арманы қиылды. 1989 жылдың 15 ақпан күні Кеңес одағының әскері ауған жерінен шығарылды. Биыл ауған соғысы аяқталғаннан бері 30 жыл өтті. Жуырда Бейнеу кітапханасы өз оқырмандарына Ауған соғысы ардагерлерімен ашық әңгімелесу, сұхбаттасу, оларды бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, ауған соғысында құрбан болған жауынгерлердің рухына тағзым ету мақсатында «Байрағың басын имесін, Ауғанда болған ардагер!» атты кездесу кешін өткізді. Әнұранмен басталған кеште ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, қанды қырғыннан аман-есен оралғанымен жандары жаралы ардагерлер жорық жолдарын еске алды. Қаза тапқан майдандас достарын көздері жасқа, жүректері мұңға толып соңғы сапарға шығарып салған ауыр күндерін қайғыра еске алған Шайхы Азанов, Абай Қараев, Есенжол Жексенбаев, Бөлеген Маметкулов қиын кезеңдерінен ой бөлісті. Көрермендерді толғандырған сұрақтарына жауап беріп, әңгіме өрбітті. Кездесу кешінде кітапхана ұжымындағы өнерпаздар әсем ән мен күмбірлеген күй орындап, тыңдаған жанның жүрегін елжірететін «Жауынгер хатынан» монологтар оқып, мың бұралған биші қыздар тобы би биледі. Соғыс жылдарындағы кезеңнен сыр шертетін «Қанжардан құтқарған қазақ тілі» атты көрініс қойылды. Сондай-ақ Бейнеу кітапханасы ұжымының атынан ардагерлерге естелік сыйлықтар табысталып, кешке белсене қатысқан оқырмандар алғыс хатпен марапатталды. Өтер жылдар, айлар тағы алыстап, Тағдыр талай тауқыметін табыстар. Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың, Ауғандағы азап шеккен арыстар,- деп ақын жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замана көшімен жалғаса береді. Бұған дәлел - ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлердің бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдағы белсенділігі. Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен азаматтар бүгінде Қазақсанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде.
Үміт ҚАЗДАЕВА