Bodeneler Бөденелер

Шетпелік кәсіпкер Сандуғаш Изядинқызы — өз ауданында бөдене шаруашылығымен айналысқан кәсіпкерлердің бірі. Ол кәсібін осыдан 4 жыл бұрын өзінің жиған терген 3 млн теңгесімен бастаған екен. Отбасылық бизнеске айналған бөдене шаруашылығын алдағы уақытта жандандырмақ ниетте. Қазір бөдененің жұмыртқасын арнайы фирмалық қорапқа салып сатады. Негізгі алушылары Шетпе тұрғындары. Енді 2 жылдан кейін бөдене етін сатылымға шығармақ. Сондай-ақ ол әр келіншектің өзінің сүйікті хоббиі болу керек деп есептейді. Осыған орай Ақтау қаласынан арнайы кондитерлік шеберлік курсынан өтіп, қазір үйінде тортқа тапсырыс қабылдайды әрі шетпелік қыз-келіншектерге түрлі тәттілерді пісіріп үйретуден аянбайды.

Сандуғаш Изядинқызының еңбегі жас кәсіпкерлер үшін үлгі-өнеге болуға негіз бар. Біз Сандуғаш Изядинқызымен бөдене шаруашылығы жөнінде сұхбат құрғанбыз, ол өзінің тыныс-тіршілігін бір деммен айтып берді. Қиыншылықтар болғанын да жасырмайды. Қазір кәсібінің нәсібін тауып отыр.

Шетпелік кәсіпкер: бөдене бағу - берекелі бизнес

Бөдене шаруашылығын қалай бастады?

Сандуғаш Изядинқызының күйеуінің анасы 2015 жылы қант диабетіне шалдыққан екен. Бірде ғаламтордан бөдене жұмыртқасының пайдасы туралы оқып, 15 бөденені сатып алған. Жұмыртқаны шикілей пайдаланыпты.

«Күн салқында балаларым ауырып қалатын еді. Емдік қасиетін көргеннен кейін біртіндіп бөденені көбейте бастадық. Инкубатор сатып алып, балапандарды өсірдік. Айта кетейін, 1 инкубатор 152 балапан шығарады. Бұның бәріне 3 млн теңге қаражат кетті. Алғашында кейбір адамдар естіп, үйден жұмыртқаны алып кететін. Қазір балапандарымен қосып есептегенде бөдененің саны 500-ге жетті. Күніге 400 жұмыртқа аламыз. 2018 жылдың ақпан айынан бастап жеке кәсіпкер болып тіркелдім. Берекелі болсын деген ниетпен фирманың атауын «Береке» деп атауды ұйғардық», — дейді Сандуғаш Изядинқызы.

Bodeneler Бөденелер

Бөдене бағу қиын ба?

Кейіпкеріміз шаруашылықты бастар алдында жүрексінген екен. Бастапқы кезде білмей арнайы картон қорапқа салып баққан, соның салдарынан балапандардың көбі өлген қалған. Бұл бөдененің күтімін білмегендіктен болғандығын алға тартады Сандуғаш Изядинқызы.

Шаруашылықтың қиыншылығын көріп бас тартқым келген, алайда мойынсұнбай керісінше төтеп бере алдым. Инкубатор алғаннан кейін оны қосуды білмей, машақатына бас қатырдым. Оның бәрі жағымды естеліктер болып қалмақ. 2 жылда тәжірибе арқылы меңгердім. Қазір жемісін көріп жатырмын. 3 баламның да қызығушылығы артып келе жатыр. Бізге қолғабыс етеді. Еңбектенсек болашақта үлкен бизнес болады, — дейді бөдене шаруашылығының иесі.

2 адамды жұмыспен қамтығымыз келеді

«Бөдене шаруашылығын үлкейту мақсатта әкімдіктен былтыр 2 жылға жерді жалға алғанбыз.  Құрылыс жүріп жатыр. Оған 5 мың бөдене сиятындай ғимарат саламыз. Құс фабрикалары секілді салу жоспарда бар. Жұмыртқаның сақталатын және оны қорапқа салатын жер бөлек болады. Болашақта 2 адамды жұмыспен қамтығымыз келеді», — деген еді С. Изядинқызы.

Әзірге салынатын ғимараттың нормативтерге сай сызбасын ойластырып жатқанын айтты. Ал бөденелерді қазір кішкентай сарайдың ішінде бағып отыр.

Бөдене 40 күннен кейін жұмыртқа береді

Бөдене – жабайы құс. Бұл тауық сияқты емес, ұшып кетуі мүмкін. Сондықтан Сандуғаш Изядинқызы арнайы әр ұзын торда шамамен 45-50 бөдене бағып отыр. Алматыдан әкелінген тор бөдене жұмырқасының сырғынап түсуіне жағдай жасалған екен.

Жеке кәсіпкердің айтуынша, құстарға кез келген арпа немесе жемді бермейді. Өйткені жеген жемі олардың жұмыртқасының сапасы мен құнарлылығына әсер етеді. Берілетін қоспа жемнің (комбикорм) құрамында жүгері, тары, балық майы болады. Балапандары мен ересектеріне бөлек арнайы жем береді екен.

«Сәбидің күтіміндей күтімді қажет етеді десем артық емес. Балапан жарып шыққаннан кейін 5 күн өткен соң, суына азғантай марганец ерітіндісін қосып беремін. Өйткені жұмыртқаның ішінен шыққан соң қоршаған ортаға бейімделуі қажет», — дейді Сандуғаш Изядинқызы.

Сонымен қатар инкубатордан шыққан балапан 15 күн бруддер құрылғысында болады екен. Бруддер – тақтайшамен қоршалып, сырты әйнекпен қапталатын құрылғы. Балапандар 3 күн 38 градус температурада тұрады.  Одан кейін Сандуғаш Изядинқызы температураны жайлап төмендететінін айтты.

Шетпелік кәсіпкер: бөдене бағу - берекелі бизнес

Жалпы, бөдененің дене температурасы 42 градус немесе одан да жоғары болады. Құсқа тән аурулармен ауырмайды. Ағзасына вирус түскен жағдайда қызуымен жойып жібереді екен. Бөденеден жаңа шыққан жұмыртқасын қолыңызға алғанда ыстық болады.

Жеке кәсіпкер Сандуғаштың мәлімдеуінше, бөденелерге 3 мезгіл таңертең, түсте және кешке белгілі граммен өлшеп жем береді. Ал балапандарға жегендерінше салып қояды екен. Ол ай сайын балғын жемді алып тұрады. Жемдері жылы әрі құрғақ жерде сақталады. Алайда қыс мезгілінде 2 айға жемді артығымен алып қоятынын айтты жеке кәсіпкер.

1 айда 250 кг жем сатып алсақ, ал балапандарға 1 қорап бөлек арнайы жем аламыз. Бірақ нақты осындай мөлшерде жемді жейді деп айта алмаймын. Бір қызығы, инкубатордан шыққан балапандарды ұрғашы немесе еркегін 40 күнге дейін ажырата алмайсың.  Бөдене тұратын орынды жинастырып, апта сайын тазалық жұмыстарын жасаймын. Күтімі менің мойынымда, ал атам қалдықтарын шығарып көмектеседі. Күйеуім бөденелердің жемін қамтамасыз етіп отырады әрі қаржы жағына жауап береді, — дейді С. Изядинқызы.

Бөдененің ерекшелігі балапан 40 күнде өсіп-жетіліп жұмыртқа береді. Ал 1 жарым жылдан кейін жұмыртқа беруін азайтады екен.

Бөдене етін сатылымға шығармақ

«Бөденені сойған кезде жүнін жұлып беретін арнайы құрылғыны алып қойдық (перосъемная машина). Мәселен, 17 күнде 150 балапан шыққан уақытта басым көпшілігі еркек болады. Олардың қажетін алып, қалғанын бөлек торға салып семірткен соң соямыз. Әзірге етін сатылымға жіберген жоқпыз. Өйткені сарайда отырғаннан кейін балапандарды көп мөлшерде өсіре алмай отырмыз. Сондай-ақ етке арналған штрих код келмей жатыр. Алдағы уақытта етін сатылымға шығарсақ міндетті түрде санитарлық тексеріске жіберемін. Себебі тұтушылардың денсаулығы маңызды. Вакумдық қораптарға қатырған күйде саламыз деп ойлаймын», — деп айтып өтті жеке кәсіпкер.

 Бөдене жұмыртқасы ұлттық сараптамадан өтеді

Шетпелік кәсіпкер: бөдене бағу - берекелі бизнес

Сандуғаш Изядинқызының өсіріп отырған бөдене жұмыртқалары Шетпедегі Ұлттық сараптама филиалында 3-4 ай сайын тексерістен өтіп тұрады. Мамандар 5 қораптан 2-3 жұмыртқадан алып тексереді. Сальмонеллёз, басқа да ауруларының жоқтығын анықтайды. Дүкендер де сертификатын сұрап, жұмыртқаларды сатып алады.

Заман ағымына ілесе білу керек

Шаруаға үлгере алмай қиналып жүретін қыз-келіншектерге Сандуғаш Изядинқызының өз айтары бар.

«Қыз-келіншектерге тайм менеджмент қалыптастыру қажет. Мен де үлгермей жүретінмін. Жекеменшік балабақшада есепші болып жұмыс жасаймын. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Баларымның сабағына да зер салуға тырысамын. Перзенттерім табиғи тамақ ішсінші деп 2 сиыр алғанбыз. Алайда қазақтың келіншектері тек бала мен үй деп қалмауы қажет. Заман ағымына ілесе білу керек. Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін дегеніміз жөн. Сондай-ақ сауатты болу үшін кітап оқу керек. Күйеуім де қаржы жағынан білімін жетілдіріп отырады. Өзім Ақтауда Дарын мектебін бітіргенмін. Ауылда немесе қалада тұру маңызды емес, өз мүмкіншілігіңді дұрыс пайдалану маңызды. Жолдасым екеуміз Шетпеде болатын тренингтерден қалыс қалмаймыз. Жаңашылдыққа құмармын», — дейді кәсіпкер.

Ақтауда Атамекен кәсіпкерлер палатасында болатын бизнес сабақтарға да қалмай қатысады екен.  Сандуғаш Изядинқызы тренингтерге баруға қаражат тапшы болса, ғаламтордан-ақ көруге болатынын айтты.

«Ешнәрсеге зауқы жоқ адамға 1 миллион берсең де оны дұрыс жұмсай алмайды», — дейді ол.

Әр келіншектің өзінің сүйікті хоббиі болу керек

Сонымен қатар жеке кәсіпкер Сандуғаш кондитерлік бағытта Ақтау мен Жаңаөзен қалаларынан курстар оқыған. Қазір вупипай, қызыл бархат, пломбир, рафетроли торттарын пісіреді.  Сондай-ақ торт пісіруді шеберлік сабағын өткізеді.

«Көбінесе мектеп оқушыларын баулығым келеді. Қаражатын да шарықтатып қоймаймын, барынша қолжетімді қылуға тырысамын.  Кейбірі жағдайын айтып жатады, мен соған сәйкес шеберлік сабағымның бағасын да төмендетемін. Пирог, түрлі бәліш пен торттарды дайындауды үйренгісі келетін көп балалы аналарға да жеңілдік жасаймын. Әр келіншектің өзінің сүйікті хоббиі болуы керек», — деді Сандуғаш Изядинқызы.

Ақкенже БЕРКЕНОВА

Суреттерді С. Изядинқызы ұсынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз