Өткен жеті айда «Вагонсервис» АҚ Маңғыстау телімінде жағымды өзгерістер болды. Мекемеге қажет қызмет түрлері бойынша жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыс күші артты. Бұрын жетіспейтін электрик, аккумуляторшы, салқындатқыш құрылғыларын жөндеуші слесарь, пойыз электромеханигі мамандарына 13 штат бөлінді.
– Бүгінде Маңғыстау станциясында «Вагонсервис» жұмысшылары 157 адамға жетті. Бейнеуде 25 адам бар. Былтырғы желтоқсан айынан бері жұмысшыларымыз төрт мезгілмен жұмыс істейдіі, бұрын екі ауысым еді. Қазір түнгі кезек те ашылды. Себебі «Маңғыстау – Ақтөбе» пойызы түнде келіп, таңертең кетеді. Сондықтан түнгі уақытта да жұмыстануға тиіспіз. Бүгінде бәрімізге белгілі – вагондар көп, қатынас қарқынды. Сондықтан бұған дейін вагондарды жолға жүруге дайындау, жөндеу үшін кейбір мамандар керек болатын. Сұраныс берген едік, шілде айында қажетіміз қанағаттандырылып, 13 адамды жұмысқа қабылдадық. Оның ішінде 2017 жылы оқу бітіріп, жұмыссыз жүрген жастар да бар. Жұмыс ауысымы өзгергендіктен тағы бір шеберді жұмысқа алдық. Тамыз айына дейін осы аталған орындарда біраз вагон жөнделіп шықты. Яғни, ТО-1-де - 7228, ТО-2-де - 80, ТО-3-те - 122 вагонға қызмет көрсетілді. ТО-2-де енді қыркүйек-қазанда қысқы дайындық жөндеуі болады. Оған жүздің үстінде вагонды жоспарлап отырмыз, – дейді «Вагонсервис» АҚ Маңғыстау телімінің басшысы Нұркен Қайыров.
Сонымен қатар бұл мекемеде осы жарты жылдықта болған айтуға тұрарлық тағы бір жаңалық – «Вагонсервис» АҚ Маңғыстау телімі теміржолшыларының қолмен атқаратын кейбір шаруаларының жеңілдегені. Өткен айдың соңында 4 тонналық аша тиегіш (вылочный погрузчик) техникасы сатып алынған. Нәтижесінде жұмысшылар бұрынғыдай вагон генераторын тексеру үшін электродвигательді қолмен көтеріп, арбаға салып, оны өздері тасып әуреге түспейді. Бар жұмысты машина атқарады.
Шахида ЖҰМАН