©
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, егемендік алғалы бері ел еңсесін тіктеу жолында ерен еңбегімен әлем елдерін мойындатқан Елбасымыз жыл сайын Қазақстан халқына Жолдау арнауды дәстүрге айналдырды. Елбасының әр Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының қарыштай дамуына даңғыл жол ашып бергендігі анық. Қазан айының бесінші жұлдызында жарияланған кезекті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын аудан халқы жылы қабылдап, бүгінде жер-жерде талқылану үстінде. Әлеуметтің әлеуетін арттыру бағыты көп айтылған құнды құжат әсіресе әлеуметтік сала қызметкерлері тарапынан қызу қолдауға ие.
Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаров Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау арқылы аудан халқының тұрмысын түзетпек бағытта баяндама жасап, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Елбасы Жолдауының әр жолына мән бере отырып, баяндама жасаған аудан әкімі аудан экономикасының бүгінгі күнгейлі бетін одан әрі нұрландыра түсу, көлеңкелі бетін жарықтандыру мақсатында жасаған талдамалы материалы көпшіліктің көкейінен шықты.
Елбасы кезекті Жолдауында халық табысының өсуін басты міндеттердің бірі етіп қойғаны белгілі. Осы мәселеге тоқталған баяндамашы аудандық экономика және қаржы бөліміне республикалық бюджеттен қаражат алу үшін бюджеттік өтінімдерді уақытылы ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ бірінші кезектегі тағы бір мәселе - Мемлекет басшысының «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуы. Осыған байланысты келесі жылдан бастап республикалық бюджеттен жыл сайын 30 миллиард теңге қосымша бөлінетін болды. Осының есебінен екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу жалғасады. Бағдарлама бойынша ауданымыздан биыл 19 кәсіпкер 51,2 млн. теңгені алып, кәсіптерін ашты. Сонымен қатар «Нұр капитал» өндірістік бағдарламасы аясында 460,3 млн. теңгеге 23 жоба банкке жолданды. Ауданның кәсіпкерлік бөліміне «Нұр Капитал» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын одан әрі жалғастыруды және тез арада осы бағдарлама бойынша сараптама жасап, осы бағдарлама арқылы қанша жұмыс орны құрылатындығын, қанша өнім өндірілетіндігін және аудан экономикасына қаншалықты пайдасы тиетіндігін анықтауды күн тәртібенен түсірмеуге тапсырма берді.
Бәсекелестікті дамыту және монополист компаниялардың тарифтер белгілеудегі және жиналған қаржының жұмсалуындағы жұмбақ саясатын Елбасы да қатты сынға алды. Осы орайда ауданда жылу, су, газ, электр энергиясы, байланыспен айналысатын мекемелер тарифтер белгілеудің және жиналған қаржының жұмсалуын тоқсан сайын аудандық газетке жариялап тұруы керектігі айтылды.
Жолдаудың ендігі бір бағыты – бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғау мен «көлеңкелі экономикамен» күресу. Бұл бағытта ауданда біршама қызметтер атқарылуы тиіс, өйткені барлық бизнес өкілдері кассалық аппараттарды орнатып, барлық сауда-саттық осы жүйеге көшуі керек. Сонымен бірге Елбасы шағын және орта бизнес үшін салық амнистиясын жүргізуге тапсырма берді. Бұл – өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару деген сөз. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының деректері бойынша шамамен 42 шағын және орта бизнес субъектісі амнистияны қолдана алады. Осы басқармаға аудандық кәсіпкерлік бөлімімен, ауылдық округ және ауыл әкімдерімен бірлесіп, салықтық амнистияға түсетін шағын және орта бизнес субъектілерімен тиісті жұмысты жүргізуді жүктеген аудан әкімі біздегі агроөнеркәсіп саласының даму бағытына тоқталды. Жыл өткен сайын агроөнеркәсіп саласында белсенділік байқалады. Тамшылатып суару технологиясы қолданылатын егіс алқаптары өсіп келеді, жылыжай шаруашылықтарының саны артуда, 8 жылыжайдың құрылысы салынып, іске қосылды. Жергілікті сүт және ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылуда. Жыңғылды ауылында 45 га аумақты қамтитын құны 249,0 млн. теңге болатын агроөндірістік (индустриялық) аймақ құрылысының ЖСҚ жасақталды. Бұл – өз кезегінде ішкі өңірлік нарықты біртіндеп жергілікті өнімдермен толтыруға мүмкіндік береді. Елбасы осы орайда ауыл кәсіпкерлерін жаңа технологияларға, шаруашылықты жүргізу және қаржылық сауаттылық дағдыларына үйрету мүмкіндіктерін белгіледі. Ауыл шаруашылығы бөлімі осы саланы дамытуда, осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда тиісті жұмыстар жүргізуі қажет.
Ең алдымен баламалы энергетиканы, жаңа материалдарды, биомедицинаны және басқа да бағыттарды ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін ауданымыз бойынша Шетпе ауылында 12 Мвт. құрайтын жел және күн электр станцияларының құрылысына 30 га жері бөлінді. Инвестормен бірге осы нысанды іске асыруды аудандық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы А.Қалиевке тапсырылды. Аудандық кәсіпкерлік бөліміне ауылдар мен ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, инновациялық жобалардың картасын әзірлеу тапсырылды.
Елбасы білім беру, денсаулық сақтау, адамдардың өмір сүру деңгейін арттыруға бірқатар міндеттерді қойды. Ең бастысы келесі жылы «Педагог статусы туралы» заң қабылдау жөнінде тапсырма берілгенін барша ұстаздар қауымы зор ықыласпен қабылдағаны белгілі. Ал мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту бағыты бойынша бізде біраз жұмыс жасалды. Бүгіннің өзінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші – 95%-ды құрайды (2016 жыл – 85%, 2017 жыл – 90%). Жыл басынан бері барлығы 10 орындық 3 балабақша іске қосылды. Ауданның 90 жылдың мерейтойына орай 1 балабақшаны ашу жоспарланды. Тағы да 2 объект жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде көрсеткіш 100%-ке жетеді. Мемлекет басшысының орта білім беру бағытын жақсарту тапсырмасын орындау үшін келесі жылы облыстағы барлық мектептерде Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттары енгізілуі тиіс. Бүгінге аудан бойынша 6 мектеп осы стандарттарды енгізуге дайын.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тағдырдың таңдаулы жолымен…Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша учаскелік медициналық қызметкерлердің еңбек ақысы келесі жылдан бастап кезең-кезеңімен 20%-ға өсетін болады. Екінші маңызды міндет – 2020 жылға дейін барлық тұрғындардың электрондық денсаулық паспорттарын жасақтау (бүгінгі күні – 94%). Осы индикаторларға қол жеткізу үшін толық жағдайлар жасалған. Ауданның барлық денсаулық сақтау ұйымдары интернет желісімен, компьютер техникасымен және ақпараттық жүйелермен толық қамтамасыз етілген. Қойылған міндеттерді орындау үшін орталық аудандық ауруханаға учаскелік медицина қызметкерлерінің еңбек ақыларын көтеру үшін қажетті шараларды іске асыруды, жыл соңына дейін электрондық құжаттармен 100% қамтамасыз етуді, келесі жылы электрондық денсаулық паспорттарына толық көшу туралы сала басшыларына тапсырма берген баяндамашы ауданда қарқынды дамып келе жатқан бұқаралық спортты одан әрі жетілдіре түсу керектігін айтты.
Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын 2025 жылға дейін ұзартты. Сонымен бірге Президент «7-20-25» бағдарламасын іске асыруды күшейтуге талап қойды. Осы бағыттағы жұмыстардың жандандырылуын, халық арасында бағдарламаның механизмін, іске асыру жолдарын, мемлекетпен, әкімдікпен қарастырылған мүмкіндіктер жөнінде түсіндірме жүргізілуін ұйымдастыруды аудандық құрылыс, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімдері ауыл әкімдері жергілікті баспасөзбен бірлесіп атқаруы қажет. Тағы да бір мәселе – жас отбасылары үшін жалдамалы тұрғын үй салуды ұлғайту. Бұл жөнінде құрылыс бөліміне жалдамалы тұрғын үй салу жобаларын жасақтап, бюджетке өтінімдер беруі тиіс. Жолдауда Елбасы арнайы басымдық ретінде өңірлік және қалалық инфрақұрылымды дамытуға айырықша назар аударды. Бұл жерде жергілікті маңыздағы жолдарды салу және ауылдық жерлерді сумен қамту қажет. Аудандағы ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін жыл соңына дейін 67%-ға жеткіземіз. Бұл – ауылдық тұрғындардың 84%-ы қамтылады деген сөз.
Жолдарға келер болсақ, оларды жөндеуге және салуға жергілікті бюджеттен жыл сайын 2 млрд. теңгеге дейін бөлінеді (жылына орта есеппен 88,3 шақырым). Қазіргі таңда аудан аумағында Шетпе-Қызан, Шетпе-Үштаған, Шетпе-Жыңғылды-Шайыр автокөлік жолдарын қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауыларалық автокөлік жолдарының жағдайы жақсаратынын көрсетеді, сондықтан алдағы уақытта ауылішілік жолдарды салуды қолға алу жоспарланып отыр. Жалпы жылына бір ауылішілік жол салуды іске асырып келеміз. Өткен жылы Өтес ауылы, осы жылы Қызан ауылдары жолдары асфальттанса, ендігі жылы Шебір, Ақшымырау ауылішілік жолдарын асфальттау, басты басымдықты шетпеішілік жолдарды салуға бұру қажеттігі айтылды.
Жолдаудың тағы да бір маңызды бөлігі – құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту. Мұнда штат санын оңтайландыру, мамандарды полиция қатарына іріктеу, халықпен жұмыс істеудің заманауи форматын енгізу туралы сөз болып отыр.
Елді дамытудың жаңа кезеңінде мемлекеттік қызметшілер мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға жұмыстануы тиіс. Бұл арқылы тығыз байланыс орнатылып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін қарапайым халық күнделікті өмірде аңғаруы қажет. Бұл ретте мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде мемлекеттік қызметшілердің бизнеспен және халықпен тікелей байланысқа түсуін барынша азайту қажет. Сол себепті келесі жылы мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық форматқа көшірілуге тиіс.
Осы жылдан бастап біздің облыс пен Астана қаласында еңбек ақының жаңа моделі енгізілді. Бұл басты кезекте мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруға бағытталады. Мемлекеттік қызметшілер 1 қаңтардан бастап 2-2,5 есе көтеріңкі жалақы алады. Жалақыны көтеріп қана қоймай, әр мемлекеттік қызметшінің жұмыс сапасы мен тиімділігін арттыруға ерекше көңіл аудару қажет.
Келесі жыл Елбасы бастамасымен «Жастар жылы» деп жарияланды. «Осы орайда аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығынан нақты жоспарларды жасақтап, іске асыру талап етіледі» деген аудан әкімінің сөзі аудандағы әрбір сала басшыларына соны серпін берді.
Мұнан соң Елбасы Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру, өскелең ұрпақты заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімділік дағдыларын меңгерту басты міндеті санаған және Елбасы Жолдауын қолдаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ертілеуов, Шетпе лицейі директорының міндетін атқарушы У.Буданбаева баяндама жасады.
Ж.АМАНҚҰЛОВА