"Мен қазақпын" мега-жобасының жеңімпазы, дауысынан дауыл соққан дарынды жас Оспан Құлсымақ - Құрықта!
Көрерменін жырмен сусындатқан көңілді кештің көрігін қазақтың қара домбырасы мен сары баласы қыздырды. Ешкімге ұқсамайтын Маңғыстау мақамдарын салудың жас шеберін көруге жиналған қарақиялықтар оның әндерін сүйсіне тыңдап, ыстық ықыласпен қарсы алды. Ауыл қариялары ақ батасын берсе, өрімдей жас фанаттар Оспанмен естелік суретке түсіп, өнер жолына сәттілік тіледі. Жыр кешін "Сөз бен Саз" бағдарламасының авторы Бердіхан Әлмен жүргізіп, әнші Дегдар Жолдасбаев, Еламан Тіркешовтер ән шырқады.
- Бұл - "Мен қазақпын" жобасынан кейінгі сол жетістікке менімен бірге жеткен, тілеулес болып, дауыс берген ел-жұртыма алғыс ретіндегі концертім. Маңғыстаудың әр елді мекенін аралап келемін. 28 қарашада Ақтау қаласындағы Абай атындағы театрда алғашқы есептік концертімді бермекпін, - дейді Оспан Құлсымақ.
Қашағаннан қалған жырды қадірлеп, Абыл мен Сүгірден жеткен әнді әуелетіп жүрген дәстүрлі әншінің алар асулары әлі алда болғай!
Шынар КЕНДІН,
Суретті түсірген автор