Жуырда аудандық мәдениет үйінде ауданның Құрметті азаматы, ақын, сазгер, жыршы Шамшадин Сабытаевтың «Өнердің кенен өрені» шығармашылық кеші өтті. Кешті Маңғыстау телеарнасының жүргізушісі, ауданымыздан шыққан өнерлі азамат Бердіхан Әлмен өзінің авторлық "Сөз бен Саз" бағдарламасының 11 концерті аясында ұйымдастырып, тамаша тарту жасады.
Маңғыстау өңірінде шырқалып жүрген Шамшадиннің әуезді ән, сырлы сезімге толы, жан сарайыңды жібітіп, ішкі сырыңды ақтарар жыр мен көңіл кірбіңін ашар күйін Маңғыстау төңірегіндегі өнерпаздар тамылжыта орындады.
Жалындаған жастық шағында даланың таланты мен табиғи талантын ұштастырып, халық алдында өнер көрсетіп, ең алғашқылардың бірі болып театр ұжымын қолға алған Шамшадиннің шығармашылығынан сыр шертілді. Әсіресе сазгердің соғысқа кеткен әкесіне арнауы елдің көзіне жас үйірді. Махаббатқа толы лирикалық әуендері мен өзінің сексенге аяқ басып, осы кезге дейінгі ғұмыр жолы туралы шерткен жырдерегі көпшіліктің көңілінен шықты. Өзінің орындауындағы арнауы залды дүр сілкінтті. Күміс көмей, жез таңдай өнерпаздардың әуезді үн, ән-жырына бүгінде халық сусап қалғандай. Көненің көзі, асылдың сынығы, заманының тамаша сегіз қырлы, бір сырлы азаматы, өнерпаз Шамшадиннің ақындық өнеріне де ел куә болды. Жасы сексеннің сеңгіріне келсе де әуелете ән салып, жырдан шашу шашып, әзіл қалжыңның да қоржынын ағытып отырған мерейтой иесіне халықтың ризашылығында шек болмады. Сексенге келсе де даусының сыры кетпеген талант иесінің аудан сахнасындағы алғашқы қойылымының бірі «Ақбөбек пен Қайып» пьесасын бірге сомдаған өнердегі жолдастарымен отыз жылдан кейін аудан сахнасында қайта табысты. Осы сәтті ұйымдастырған жүргізуші Б.Әлменге ризашылықтарын білдірген өнерпаздар сол замандағы қиындықтары мен қойылымды сомдаудағы қызықтарын естеріне түсіріп, бір серпіліп қалды.
Кеш соңында аудан әкімінің оырнбасары Е.Махмутов ұйымдастырушыларға аудан әкімі атынан алғыс айтып, мерейтой иесіне арнаған алғыс хаты пен естелік сыйлығын табыс етті. Сонымен қатар облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары , аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ертілеуов, «Өрлеу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының директоры М.Дуланова, Жармыш ауылының әкімі Қ.Сейтмағанбетов, Үштаған ауылының әкімі Ж.Молдашева, Жармыш орта мектебінің директоры С.Қапашов мерейтой иесін құттықтады.
Ж. АМАНҚҰЛОВА