©
Форт-Шевченко қаласының Жаңакетік аумағы жаңа жеке тұрғын үйлермен толыса бастаған жылдардан бері, ол аймаққа су, ток, көгілдір отын тарту мәселелері тұрғындардың сұранысынан түспейтін еді.
Халыққа ең қажетті бұл нәрселер шешімін тауып, барлығы дерлік қажеттіліктермен қамтылды. Енді жаңакетіктіктердің тағы бір мәселесі – қаланың бұл ауданына баратын автожолдың қиындығы болып тұр. Олқы-солқы грейдер жолдардан тұрғындардың қатынауы қиындаған. Аудан әкімі Темірбек Асауов пен Форт-Шевченко қаласының әкімі Мұратбек Дощановтың халық алдындағы есеп беру жиынында осы сұраққа тұрғындар жауап алды.
Аудан әкімі Т.Асауов осы жолғы жоспарда Ақшұқыр, Сайын, Баутин-Аташ ауылдарының жолдарына жөндеу жүргізуге жоспар барын айтты.
– Жаңакетік аумағына тас жол салуға осы жолы жобалық-сметалық құжат дайындайтын боламыз. Биыл болмағанмен, келер жылдарда болатын шаруа. Оған дейін жолдың қиындығын бәсеңдету мақсатында автогрейдер машинасы аудандағы шаруашылық мекемеге алынып берілді. Өздерінің кестелік жұмыс барысында ауылдар ішінде, оның ішінде Жаңакетік жолдарына да айына немесе тоқсанына сай тегістеу жұмыстарын жүргізіп тұрады, - деді.
Тұрғындардың тағы көтерген мәселесі ішінде такси бағасының көтерілуі де сөз болды.
– Такси бағасының көтерілуіне бензин, көгілдір отын бағасының көтерілуін себеп көріп отырмыз. Бірақ осыдан 2-3 жыл бұрын қалаішілік жолдарға қоғамдық көлік қатынату практикасын енгізгенбіз. Тұрғындардың қоғамдық көліктерге мінбеуінен бұл жұмыс өз-өзін ақтамай қалды. Сондықтан қалаішілік жолдарда, облысқа шығатын жолдарда тұрғындарды қоғамдық көлікпен қамтып, жұмысын заңды жүргізгісі келетін азаматтарға әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізгім келеді, - деді.
Форт-Шевченко қаласының әкімі М.Дощанов биылғы жоспарында қала ішінде бір спорт және бір балалар алаңы салынатынынан хабардар етті.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
Тағы оқыңыз: Маңғыстаулық хирург ілтипатқа бөленді