©
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақта әдемі сөз бар. Адамдардың өз жанында жүрген жақсылар мен жайсаңдарды танып жүруі - азаматтық іс. «Жүрген соң өз қасыңда күнде көріп, жақсының жақсылығы байқалмайды» деп өлең жолдарында айтылғандай, өз жанымызда жүрген жақсы адамдар туралы айтуды адамдық парызым деп есептеп, осы орайда ой толғап өзімнің әріптесім, замандасым Сайран Еламанұлы туралы лебіз білдіруді жөн көрдім
Өз ойымды әріден бастасам, сексенінші жылдардың соңына қарай Атырау облысына қарасты Алға ауылында мамандығыма байланысты тәжірибеден өттім. Бұл тәжірибем болашақ мамандығыма бастау алар үлкен өмір мектебі болды.
Алғаш барғанымда ауыл адамдарының жылы шырай қабақтары мен бауырмалдығы ортаға тез үйренісуіме өз септігін тигізді. Бірі бөлмесін даярлап үйіне қондырса, екіншісі жағдайымызды жасауға тырысты. «КСРО Халық мұғалімі» атағының Қазақ ССР бойынша алғашқы иегері Құсиын Айтқалиев басқаратын мектепте тәжірибемді бастадым. Мектеп ұжымының ұйымшылдығын, оқушыларының тәртібін, еңбекқорлығын, адамгершілік қасиетін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі сабақтан соң өзіме бөлінген сыныппен егін жинауға баратынбыз. Егін жинау науқанына кешігіп, немесе келмей қалатын бала болмайтын. Ертесіне бірімен-бірі жарысып сабаққа жауап беріп отыратын.
Менің жастық шағымның, алғашқы мұғалімдік тәжірибемнің бастамасы осындай керемет ауыл адамдарымен басталғанын әлі есіме алып, мақтанышпен айтып отырамын.
Бірнеше жылдар өткен соң жұмыс бабымен Құрық селосына қоныс аударып, «Құрық орта мектеп-гимназиясы» мемлекеттік мекемесіне жұмысқа орналастым. Бұл ортада да жақсы жандармен кездесіп, тәжірибелі мұғалімдерден көп нәрсе үйренуіме мүмкіндік болды. Осындай жандардың бірімен жұмыс барысында таныса келе мен тәжірибеден өткен Алға селосының тумасы, Құсиын Айтқалиевтің шәкірті екенін білдім. Ол Даукиев Сайран Еламанұлы еді. «Ауылына қарап азаматын таны» деген аталы сөздің текке айтылмағаны Сайран Еламанұлының бойындағы адамгершілік қасиеттерден көрініп тұрды.
«Топырағы киелі жердің азаматы» деген ұғымды бойына жинаған, өз маманының иегері, бала жанының бағыбаны деген атқа лайық екенін таныдым.
Сайран Еламанұлы - Алға селосындағы орта мектептің алғашқы «Алтын белгі» иегері. Бастауыш сынып мұғалімі, өзін-өзі тану пәні мұғалімі, педагог-психолог мамандықтарын игерген, көпсалалы қызметкер. Сайран Еламанұлы өз өмір жолында бірнеше баспалдақтан өтіп, білікті маман атанды. Еңбек жолын 1994 жылы Ақмола облысына қарасты Бұланды ауданындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметінен бастады. 1998 жылы оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалды. 2009 жылы Маңғыстау облысына қоныс аударып, Қарақия ауданы, Құрық селосындағы №1 орта мектепте мектеп директоры қызметін атқарды. 2012,2013 жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскерлік жұмыстар атқарса, 2014 жылдан бастап «Құрық орта мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда директордың бейін жөніндегі орынбасары қызметінде. Өз еңбек жолында үлкен жетістіктерге жетіп, аудан, облыс көлемінде тәжірибесін таратып жүрген білікті маман. Осы еңбектері үшін Білім министрлігі тарапынан «Алғыс хатпен» марапатталды.
Сайран Еламанұлы қандай жағдайда болмасын тәжірибе алмасып, кеңес беруде, өз білгенін жанындағы әріптестері мен жастарға үйретуден жалыққан емес.
Мұғалімдер отбасынан құрылған шаңырағы - үлгі алуға тұрарлық жанұя. Себебі тәрбиелеп отырған балалары мен жары Майра Әленқызы да мұғалім мамандығын игерген жандар. Биыл ғана 11-сыныпты «Алтын белгіге» бітірген қызы Әйгерім Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне түсіп, журналист мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Үлкен қызы Айнұр ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса, Гүлзадасы география, орыс тілі пәні мұғалімі мамандықтарын игерген.
Біз уақыт ағымымен бірге қарбалас тірлікте жанымызда жүрген жақсылыарымызды елемей жатамыз. Бірақ, жақсылар бәрібір өзгелерден оқ бойы озық тұрады. Жақсылықты жанына жиған, ізгі адамгершілік қасиеттердің иесі мен жасайтын ұжымда болғанына мақтанамын. Осындай ізгі жанды маман иесінен тәрбие мен білім алып жүрген болашақ жастарымыз ел тұтқасын ұстар азамат боларына сенімім мол.
Ж. ЖАБАСОВА,
Құрық орта мектеп-гимназиясының тәрбие жұмысы жөніндегі
директордың орынбасары