©
Бүгін Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов тұрғындар алдында есеп берді. Жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов қатысты.
2017 жылдың 1 желтоқсанындағы санақ бойынша аудан халқының саны 29 141 адамға жетті. Өткен жылы ауданда 4375,2 мың тонна шикі мұнай өндіріліп, облыс көлемінің 24,4%-ын құрады. Ауданның өнеркәсіп өнімдерінің ауқымы 521 383,1 млн. теңге (өсім 18,4%), өнеркәсіп өнімдерінің ауқымының индексі-98,7% (өсім 2,8%). Ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы шығарылымы - 1759,8 млн. теңге, нақты көлем индексі- 107,0%. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі - 44853,3 млн. теңге, нақты көлем индексі- 92,7%.
Қолданысқа енгізілген тұрғын үй жалпы алаңының көлемі- 45,3 мың шаршы метр, нақты көлем индексі- 102,2%. Құрылыс жұмыстарының көлемі - 16437,6 млн. теңге болды, нақты көлем индексі- 92,9%. Орташа еңбекақы көлемі- 181306,0 теңге /өсім 9,8%/ құрады.
Аудан бюджетінің 2017 жылға нақтыланған кіріс жоспары 6 129 858,2 мың теңге, орындалысы 100,4 %.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Форт-Шевченко қаласында және Баутин ауылында су құбырын және кәріз жүргізу, түзету, Форт-Шевченко қаласындағы жеке тұрғын үйлерге жүргізілетін су құбыры және су қабылдағыш ұңғымасынан су құбырының жоғарғы станциясының алаңына дейін су таратқыш» жұмыс жобасы қорғалып, 2017-2018 жылдары іске асыру үшін 1434,5 млн. теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлініп, жұмыстары жүргізілуде. Бұрынғы қолданыстағы су желісіне тұрғын үйлердің 45% қамтылған болса, осы жобамен 100% жеткізу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласының нақты көлем индексі мал шаруашылығында-102,7%, егін шаруашылығында-123,8% көрсетті. Аудан бойынша барлығы 157 шаруа қожалығы тіркелген. 2017 жылы 37 шаруа қожалығымен 276,97 га жерге егін егілді, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдан 76,7 га артық. 30 шаруа қожалығына 50% жеңілдікпен 94,1 тонна тыңайтқыш алуға 3,2 млн. теңге субсидия төленді.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жайылымдық жерлерді суландыру бағыты бойынша су көзіне сұраныс беруші мал шаруашылығы субъектісінің осы мақсатқа жұмсаған шығындарының 80%-ы субсидия түрінде өтеледі. Аталмыш бағдарлама аясында 2017 жылы 17 ұңғыма қазылды.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 2017 жылы 8 %-ға өсіп, 1 781 бірлікті құрады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1745 болып, 10,7 % -ға артты.
Аудан бойынша 2017 жылы барлығы 4024 жаңа жұмыс орындары құрылып, өткен жылмен салыстырғанда 31,4%-ға өсті (2016 жылы-3063).
Аз қамтылған тұрғындарды әлеуметтік қолдау мақсатында 7 отбасының 36 аз қамтылған тұрғынына аудандық бюджет арқылы 593,7 мың. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек, 18-жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға ай сайынғы балалар жәрдемақысымен 67 отбасының 226 баласы қамтылып, оларға –2066,4 мың. теңге төленді.
«2017 жылы Ақшұқыр ауылынан 140 орынды, Сайын Шапағатов ауылынан 75 орынды және Таушық ауылынан 100 орынды жеке балабақшалар өз жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, бекітілген мектепке дейінгі біліммен қамту аудандық қадамдық жоспарға сәйкес, жеке қаражатқа Таушық ауылынан 100 орынды балабақша, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарынан 140 орындық 2 балабақша құрылысын мемлекеттік- жекешілік әріптестік арқылы іске асыру жоспарда бар. Үш ауысымның алдын алу мақсатында Сайын Шапағатов ауылы бойынша 600 орынды мектеп құрылысы басталды, биыл пайдалануға беріледі. Осындай жоба Ақшұқыр ауылы бойынша да жасақталып, қаржыландыруға ұсынылды», - деді Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов.
Ауданда 2017 жылы – 1027 нәресте дүниеге келген /1000 адамға шаққандағы туу көрсеткіші 35,0 промиль/. Бала өлімі көрсеткішінде 4 /4,0 промильді құрады. Ана өлімі тіркелген жоқ.
"Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша 2017 жылы 53 маман 8,4 млн. теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы (70 АЕК) алса, 10 маманға баспана сатып алу үшін 34,0 млн. теңге несие берілді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі