©
Кезінде гүрілдеген, балық шаруашылығымен қоса, мал шаруашылық ортасы болған, мәдениеті мен білім ағарту саласы алғаш болып дамыған Қызылөзен ауылына облыс әкімі Ералы Тоғжанов арнайы барып танысты, халқымен кездесіп, пікірлесті.
Бүгінде ол ауылда 1020 адам ғана қоныстанған. Кішкентай ауылдың мәселелеріне келгенде ең бірінші айтылатын нәрсе – жұмыссыздық деңгейінің жоғарылауы. Оған себеп ауылда өндірістік мекеменің жоқтығы. Ауыл шаруашылық саласында жұмыс жасап, ауылдағы белсенді 527 адамның 30-ын ғана жұмыспен қамтып отырған «Қарағантүбек» ЖШС-гі асыл тұқымды «Қаракөл» «Еділбай» қойы мен «Адай» жыл- қысын өсірумен айналысып отыр. Үкіметтік бағдарламаларды пайдалана жұмысын қайта жандандырған серіктестіктің беталысы жаман емес. Бірақ ауылдағы жұ-мыссыздықты түбегейлі шешуге септік бола алмасы анық. Одан бөлек ауылдағы бюджеттік мекемелер – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және балабақша сынды орындарда азды-көпті 100-ге жетпейтін қызметкер жұмыс жасайды. Одан басқа аусымдық жұмыста мұнай компанияларына қатынайтындар бар. Халық кездескенде айтатын жұмыссыздық мәселесінің шешімін облыс басшысының өзі халыққа түсіндіріп берді.
– Мұнайлы өлке болғанмен, табиғатта таусылмайтын нәрсе жоқ. Басы бар нәрсенің, соңы бар секілді мұнайдың да аста-төк дейтін кезеңі өтті. Тек шикізат сатушы ел емес, өндіруші елге айналуға Елбасы көп көңіл бөліп жатқанының мәні - осында. Бәсекелестік орта, өзін-өзі жұмыспен қамту сынды ортаны дамытқымыз келсе жеке шаруашылыққа, бизнеске бет бұрғанымыз жөн. Оған көрсетілетін мемлекеттік бағдарламалардың барлығымен халық таныс болуы керек. Осы ауылдың әкімі ретінде Өскімбай Ермекбаевқа халқын бизнестік ортаға бейімдеуге, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, керек болса тегін брошюралар таратуға тапсырма беремін, - деді.
Жиында ауыл шаруашылығы, егін және мал шаруашылықтарының көркеюіне берілетін субсидия, несиелендіру, басқалай көмектер жайы кеңінен айтылды. Одан бөлек өңір басшысымен кездесуде ауылға кәріз суын тарту, автокөлік жолдарын жақсарту мәселелері де сөз болды.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
Тағы оқыңыз: Ақтауда эко-қала салынатын болды