©
Түпқараған ауданының көнекөз қариялары мен өткен ғасырдың орта шенінде ауданның әртүрлі шаруашылық саласында қызмет еткен ауданның байырғы тұрғындары бұл азаматтың атын айтпай-ақ, көбіне Измаилов десетін, бұл азамат ауданның балық шаруашылығын ұзақ жылдар іскерлікпен басқарып, саланың өсіп, дамуына көп үлес қосқан Измаилов Мжавер Нигметович еді.
Измаилов Мжавер Нигметович 1925 жылы Ресейдің Астрахань облысы, Красноярск ауданы, Байбек селосында дүниеге келген. 1958-1963 ж.ж. Москва қаласындағы кәсіподақтың «ВЦСПС» жоғарғы мектебінде оқып, еңбек экономисі мамандығын алған. Ұлы Отан соғысының қатысушысы, соғыс кезінде әскер қатарына шақырылып, Совет Армиясы қатарында взвод командиры, аға сержант дәрежесінде, бастауыш партия ұйымының хатшысы, тәртіпті, соғыс өнерін жетік меңгерген үлгілі жауынгер болған. 3 рет «Үздік артиллерист», «ПВО үздігі» атағын, бөлімше командирінің 17 рет алғысын алған. «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалының, «Совет Армиясы мен Флотының 30-жылдығы» мерекелік медалының, «СССР Қарулы Күштерінің 50 жылдығы» мерекелік медалының, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 25 жылдығы» төс белгісінің иегері. М.Н.Измаилов еңбек жолын Ресейдің Астрахань облысында Мумринск балық заводында жұмысшы болып бастап, кеме жөндеу заводының директорлығы лауазымына дейін көтерілген. 1965 жылы Форт-Шевченко қаласына қоныс аударып, Баутин мемлекеттік балық аулау базасының директоры болып тағайындалған. 1970 жылдың 9 ақпанында Баутин мемлекеттік балық аулау базасы, Гурьев мемлекеттік балық аулау базасы және Астрахань қаласындағы «УМБТРФ» (управление морского буксирно–транспортного рефрежираторного флота) кәсіпорындары біріктіріліп, ірі өндірістік кәсіпорын «Гуррыбхолодфлот» Баутино басқармасы аталып, орталығы Баутино поселкесі болды. Осы жаңа басқарманың директорлығына М.Н.Измаилов тағайындалды.
Жаңадан құрылған ірі балық шаруашылығы мекемесінің құрамында 2 бөлімше (біреуі – Ақтауда, біреуі – Астрахань қаласында), балансында көптеген ірі тоннажды балық аулау кемелері болды. Жаңадан ірі тоннажды РМС (балық тоңазыту кемесі) «Комсомольский», «Дербент», «Гурьев», «Караганда», Германиядан РМС «Шушенское», «Индигирка», Гороховец қаласынан жаңадан жасалған 3 балық ұнын жасайтын «ЖМЗ» (жиромучный завод) «Днестр», «Прут», «Ангара» үлкен тоннажды кемелер алынды. Әр кемеде 30-35 адам жұмыс жасады, жұмыс балық аулау сатысынан басталып, дайын балық өнімін шығарғанға дейін үдемелі механикаландырылған аппараттармен жабдықталған болатын. Осындай жаңа балық аулау және өңдеу технологиялары арқасында еңбек өнімділігі бірнеше есе өсіп, әр кеме өз мүмкіндіктеріне қарай күніне 250-400 центнердей майшабақ аулап, өңдейтін болды. Балық шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын адамдардың табысы көбейе бастады. Бұларды басқару үшін білімді, балық шаруашылығын жақсы білетін мамандар керек еді. Жалпы, Ақкетікте балық шаруашылығында бұрыннан келе жатқан, ысылған, тәжірибелі мамандар аз емес еді. Революцияға дейін балық шаруашылығында жұмыс жасап, жергілікті ұлтты балық аулауға үйреткен, теңізден нәпақасын айырып, жанұясын асырауға ықпал еткен З.Дубский, У.Аваков, Ширяев, Климов, Курукский, Страхов, Ш.Бекназаровтар сияқты ірі кәсіпкерлер болды. Өткен ғасырда Маңғыстау балықшыларының атағы алысқа кетті. Ж.Сағындықов, С.Шадырақов, Донсков, С.Байнекеев, І.Оразбаев, М.Мұңалов, М.Г.Водовской П.Маленков, Кривохижин, Д.Тобышбаев, В.Г.Водовской, Ш.Сүлейменов, А.Жолмағанбетов, Р.Идрисов, П.С.Генералов, Е.Жанаев, С.Айтов, В.Жартыков, Қ. Атшыбаев, А.Жұмашева, Н.Шүлімова сынды тамаша ұйымдастырушылар, ірі тұлғалы өндіріс командирлері де осы басқармада жұмыс жасады. Осы аты аталған ардақты азаматтардың әрқайсысының өмірі, өнегесі, іскерлігі, ұйымдастырушылығы, адамгершілігі, қажырлылығы, қайраткерлігі жөнінде кеңінен әңгіме қозғауға болар еді, бірақ, оған бір мақала аясының тарлық етері сөзсіз. Сондықтан мен осы есімдері аса құрметпен еске аларлық азаматтардың дүниеден озғандарының мәңгілік рухын, тірілерінің абыройы мен атағын, ерен еңбектерін бетке ұстай отырып, бәрінің атынан Мжавер Измаилов жөнінде бір үзік сыр шертуді жөн көрдім.
Мжавер Измаилов Ақкетіктегі балық шаруашылығы саласының жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, жыл сайын өзі басшылық еткен өндіріс саласының техникалық-экономикалық көрсеткіштерінің орындалысын қамтамасыз етіп, артта қалған өндірісті озық кәсіпорындар қатарына қосты. Мекеменің материалдық-техникалық жағдайын жақсартып, өзінің іскер, балық шаруашылығы саласының қыр-сырын жете меңгерген маман екендігін көрсете білді. Ол өте сауатты экономист басшы, жоғары білімді насихатшы еді. Оның ай сайын актив мамандармен өткізетін экономикалық, саяси сабақ, семинарлары өте қызықты да мазмұнды өтетін. Оны әрбір маман асыға күтетін еді. Саяси сауатты, іскер басшы ретінде ол бірнеше рет аудандық, қалалық, облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық, Форт-Шевченко қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды.
Республикалық, облыстық дәрежедегі Құрмет грамоталарының, Алғыс хаттарының иегері атанды.
Ақкетіктегі жаңадан құрылған «Гурьеврыбхолодфлот» Баутино басқармасы балық аулап өңдейтін басты ірі өндірістік кәсіпорын бола тұра, кейбір кішігірім кемелерін Баутин кеме жөндеу заводында жөндеуден өткізетін, ал балықтарын (тұздалған майшабақ, кефаль, итбалық) Баутино балық-консерві комбинатына өңдеуге тапсыратын. Мжавер Нигметович осы үш мекемені бір ірі өндірістік кәсіпорынға айналдырып, ортақ бір мақсатқа жұмылдыру қажеттігін, оның экономикалық мүдде тұрғысынан алғанда аса қажетті шара екендігін Астрахандағы ВРПО «Каспрыба» және облыс басшыларына бірнеше рет дәлелдеп, хат жолдап, түрлі жиындарда мәселе етіп көтерді. Соның нәтижесінде үш мекеме біріктіріліп, 1974 жылдың 1 шілдесінен бастап, «Маңғыстау балық тоңазыту флоты» өндірістік бірлестігі құрылған болатын. Директоры болып М.Измаилов бекітілді. Бұл кезең Ақкетіктегі балық шаруашылығының жаңа даму жолына түсіп, экономикалық жағдайы жақсара бастаған кезі еді. Мамандармен жұмыс жүйелі түрге көшіп, флот білімді мамандармен толықты. Бұрынғыдай 3 мекеме өз мүдделерін ғана қорғамай, ортақ мақсатқа жұмыс жасай бастады. Шынын айту керек, қиындық көп болды, кішігірім флоттың 70 пайыздайын жаңалау керек еді, балық комбинаты мен кеме жөндеу заводының техникалық жабдықталу деңгейі заман талабына сай емес еді. Ірі тоннажды флоттың жөндеу, техникалық жағынан жабдықтау көп қаражатты талап етті. Бастапқы кезде бұрынғы балық комбинаты мен кеме жөндеу заводының басшылары жаңашылдықты құптамай, бұрынғы үйренген қалыпта жұмыс жасауды қалап, жұмысқа құлшына кіріспеді. Алайда, Мәкең талай өндірістік, партия жиналыстарында осы мәселеге баса назар аударып отырды. Жаңа талапқа сай жұмыс жүргізу үшін Мәкең жас, білімді мамандарды өндірістің басшы орындарына тағайындады. Бас инженер қылып Е.Жанаевты, өзінің орынбасарлары етіп В.Жартықовты, Ю.М.Грининді, С.Гайбейді, бұрынғы комбинаттың орнындағы цехтың басшылығына В.П. Курлованы, бас экономист етіп С. Аленовті, өндіріс бөліміне осы жолдардың авторын, участке, бөлім басшылары етіп Т.Сүлейменов, Қ.Т.Құрманов, Б.Г.Баймұқановтар, Р.М.Алмағанбетов, т.б. мамандарды тағайындады. Жұмыс бір қалыпқа түсіп, өндіріс жаңа даму кезеңіне көше бастаған кезде, 1976 жылдың 1-жарты жылдығының жоспары орындалмады деген себеппен, алдағы ауқымды жұмыс жоспарлары мен экономикалық болжамдарға қарамастан, Мжавер Нигметович облыстық «Мангышлаксельстрой-12» тресіне басшылыққа ауыстырылды. Әттең, Мәкең тірі болғанда, «Мангышлакбалықтоңазыту флоты» жойылмаған болар еді.
Балықшылықтың табиғатын, тағдырын, тарихын, сыры мен қырын, құпиясын, өткір, өміршең тағдырлы мәселелері жөнінде тереңірек, кеңірек дәлелдеп айтар еді, жазар еді. Қазақта «Жолдасыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз бар. Сол айтқандай, Мәкеңнің замандастары, тағдырластары, қанаттастары, мұраттастары, үзеңгілестері, әріптестері, жолдастары халыққа танымал, белгілі жандар еді. Мәкең сол ірілердің арасындағы шоқтығы биік, қайтпас қара нарлардың бірегейі болатын. Әріптестерінің арасында Мәкеңнің өзіне лайықты, абыройлы орны болды. Оны құрметтейтін, сыйлайтын, әрдайым ақылдасып, ортақ іске бірдей жұмылатын, жанашыр, сенімді ортасы болды. Мжавер Нигметович ешқашан, ешқандай жағдайда біреудің алдында тізе бүкпеген, басын иіп, кеудесін ешкімге бастырмаған, ешкімнің қас-қабағын бағып, табынбаған, жалпақтамайтын, «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» қағидасы өмірінің бас қағидасы болып болып қалыптасқан, ар мен намыстан жаралған жан еді. Қазақта «Аттың жақсысын қазанат дейді, жігіттің жақсысын азамат дейді» деген қанатты сөз бар. Мжавер Измаилов нағыз азамат еді. Періште болмаса, пендең осындай-ақ болсын! Он жылдан астам уақыт балық шаруашылығында қызмет еткен жылдары балық шаруашылығы саласының көптеген адамдарын мемлекеттік наградаларға ұсынып, марапаттаса да, өзі марапатқа, атақ алуға ұмтылмаған, кішіпейіл, атаққұмарлығы жоқ азамат еді. Кезінде басшылар бұл азаматтың ерен еңбегін марапаттауға сараңдық танытқан сияқты.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай біз өткен тарихымызды, елі үшін кезінде жанын аямай от пен су кешкен ардагерлер мен аянбай қызмет еткен ардақты азаматтарымызды ұмытпай, олардың ерлігі мен ерен еңбектерін болашақ жастарға үлгі етуіміз керек, есімдерін ел есінде сақтайтындай шараларды іске асыруымыз керек. Осы орайда ерен еңбегімен ел есінде есімі сақталған Мжавер Измаиловтың есімін Баутино ауылының бір көшесіне берсе лайықты болар еді.
А. КҮЗЕМБАЕВ,
Түпқараған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Тағы оқыңыз: Құдық қазу жұмыстарына кеткен шығынның 80 %-ы қайтарылады