©
Адай деген ел едік, Аруағы бұлттай торланған. Есепсіз дәулет қорланған. Екі талай іс болса, Бір жағын күшпен қолға алған. Батырлық, байлық, биліктен Жоқ еді жерім құр қалған.
Зәкария САҒЫНДЫҚҰЛЫ
2013 жылы С. Бәйішов атындағы Ақтөбе университетінің «Оқулық» баспа орталығынан Әзи Есентүгел Аманкелдіұлының «Түрмеден талып жеткен тарпаң жырлар» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап жыр жүйрігі атанған жалынды ақын Зәкария Сағындықұлының 120 жылдық мерейтойына орай қасіретке толы өмірінің соңғы уағындағы абақтыдан ұшырған жырлары мен арғы текті бабалары туралы тарихи деректер, аңыз-әңгімелер бүгінгі күнмен сабақтастырыла баяндалып шығарылған.
– Олқы тұстарын толықтыруға қол ұшын берсеңіздер көп көмек болар еді, - деген кітаптың кіріспе бетінде жазылған сөйлем еріксіз қолыма қалам алуға ұйтқы болды. Бала кезімізде анам Қанби өзінің анасы Мөлдірдің жыршының қарындасы, өзінің жыршының жиені екенін мақтанышпен үнемі айтып, ошақтың басында отырғанымызда шешем айтып отыратын еді,- деп өткен өмірін үнемі еске алып отыратын. Қос отаумен, бірнеше енші мал және алтын, күміспен көмкерілген жасаумен келгендігін және ағасы ұсталған соң жасауын ошақтың басына көмгенін де өзінің балаларына Мөлдір анамыз айтып берген. Әттең, Маңғыстаудың қай қорасы..., естеріне түсіре алмайды.
Анамның апасы Әсия өзінің немересіне Мөлдір деп анасының есімін қойып еді.
Менің анам сөзшең, ашық мінезді адам болғандықтан тіней руынан адам көрсе, танысын танымасын: - Кімнің баласысың? - деп сұраушы еді. Тінеймін десе, менде сол ауылдың жиені едім. Танымаса жөн сұрасқан соң, мен жыршы Зәкария Шам Талпақтың жиені едім, - деп сөзін кібіртіктей аяқтайтын. Елегізіп өзі айтқан нағашыларынан тарайтын ұрпақтарды іздеуші еді. Себебі ол кісілер нағашылары туралы толық білмейтінде еді. Өйткені аты түгіл жырын айтуға тыйым салынғандықтан қарындасы марқұм Мөлдір де Зәкария туралы сұраса мылқау, кереңге айналған еді. Кітапта ақынның тегін тарата келіп: Тұрнияздан Сәрсенбай, Сағындық, Көптілеу. Сағындықтан бір ұл - Зәкария, екі қыз – Мөлдір, Төре деп келтірген. [16-бет] Осы бетте Андрей Қартбаев ақсақал Сәрсембайдың үшінші әйелінен (Сағындықтың жесірі) Бейнеу, Қарабас, Аманқос, Төре (қыз) деп мәлімет берген. Сағындық 25 жасында, қарнына ердің ұшы кіріп кетіп жазатайым жазым болып өмірден өткенде Закария «бір жарым» жаста болған. Ауылдың абыз ақсақалдарының ұйғарымымен шешесі байпақ руының қызы Кемешбек анасы әмеңгерлік жолымен қайын ағасы Сәрсенбайға үшінші әйел болып тиеді.
Одан Бейнеу, Қарабас, Аманғос атты үш ұл, Бапыш, Төре есімді екі қыз - бес перзент сүйеді. Кейін осы бесеуі Закарияның тәрбиесінде өседі. [24-бет] Жоғарыда көрсетілген Мөлдір мен төмендегі Бапыш екеуі бір адамның аты деуге негіз бар. Шешесінің айтуы бойынша Мөлдір, Бапыш деген екі аты болғандығын анам Қанбидың өзі кітапты оқи отырып еске алды. Мөлдір шешем Закариядан 7 жас кіші болған. Зәкария 1893 жылы туылған болса, Мөлдір 1900 жылы туылған. Мұрынды, көзі көкшіл, бойы аласа адам еді, - деп анасын еске алды Сарнияз нағашым. Ол кезде жаз жайлауға Маңғыстау елі Ойыл, Жем, Сағыз бойын жағалай қоныстанатын. Бір жылы Өтеулі Көреғұл ауылы Жем бойында отырған Сағындықтың ауылына іргелес қонған. Сол жылы Көреғұл Сағындықтың қызы Мөлдірге құда түсіп, екінші ұлы Қосымбайға айттырып алып береді. Әкесі Сағындық қызын қос отау тігіп, келе түйе, үйір жылқы, отар қоймен ұзатады. Сән-салтанаты жарасқан Мөлдірдің киген киімі мен алтын, күміспен көмкерілген әшекей бұйымдары көрген жанның көз жауын алардай болған. Анасының айтуы бойынша әкесі Мөлдірге сәукеле мен белбеуді 2 үйір жылқыға жасатқан екен. Сәукеледегі тастар мен шашбауларының салмағы жас келіннің басына салмақ болып кейін тартып тұратын болған дейді көзі көрген жандар. 7 жасар Бейнеубай ұзатылған апасына еріп Өтеулі Көреғұлдың үйінде қонақ болған. Мөлдір анамыз қайын сіңілісі, яғни, Қосымбайдың қарындасы Әдемхан ұзатылғанда қос отаудың бірін беріп шығарып салған. Екі жыл отасқан Қосымбай Қызылқоға ауданына қарасты Былқылдақты жерінде қоныстанып отырғанда ауырып қайтыс болып сол жерге жерленеді. Сол жылы Мөлдір елге қайта алмай Былқылдақтыға қыстап қалады. Былқылдақты аты айтып тұрғандай былқылдап, көгере көз тартып тұратын керімсал қоныс болған. Қосымбайдан Оңдаған деген бір ұл, бір қыз (аты белгісіз) туады. Қызы өмірден ерте кетеді, ал Оңдаған 10 жасқа келгенде Сәубет құдығына түсіп қайтыс болады. 1931-1932 жылдары елі Мөлдірді қайнағасы Сүйінбайға атастырады.1933 жылы Бөлекбай нағашым өмірге келеді. Сүйінбай екі әулетті адам болған. 1936-1937 жылдары Бекі деген жерде 12-13 үй отырғанда «байдың тұқымы», ескілікті көздейді, жаңа билікке қарсы» «бірнеше әулеті бар» деген желеумен қуғындау басталады. Қос некелі адамдарды ұстай бастағанда Сүйінбай аяғы ауыр Мөлдірді елде қалдырып, Ділдә деген әйелімен бір түнде Түрікменстанға кетеді. Мөлдір 1936 жылы Әсия есімді қызды өмірге әкеледі. Осыдан кейін «бандылардан» қорыққан ол тұзбастыққа әкесі жасатқан асыл бұйымдарын қасына пышақ, шақпақ тас салып матаға орап ошақтың орнына көмген. Оны көзі тірісінде үнемі балаларына айтып отырған.
Қиын қыстау кезең, кішкентай екі баламен отырған Мөлдірді қамқорлығына алған ауыл ағайыны Сүгірәлі Әуелбай ақсақал: - бұларды Жанұзақ тумаласым бағады, - деп өзінен 6 жас үлкен ағасына қосуды мақсат етеді де Алтыншы жерінде сульфатта жұмыс жасап жүрген Дәулетұлы Жанұзақтың шаңырағын төңкеріп, елге алдырады. Себебі бұл кезде 3 баласы мен әйелі шешектен қайтып Жанұзақтың жалғыз қалған кезі еді. Осылайша Жалпақ төрткілдегі ірмекшің ішінде отырған Мөлдірге әкеліп қосып, ақсақалдар бір отбасының шаңырағын жаңартады. 1938 жылы менің анам Қанби, 1941 жылы Сарнияз нағашым өмірге келеді. Нағашым 2 жасқа келгенде әкесі Жанұзақта ауырып қайтыс болады. – Менің маңдайым тайқы болды, тағдырым осылай болды, - деп өткен Мөлдір анамыз өмірдің бар ауыртпалығын көрседе, туған- тумаластарын көре алмай зарыға аңсаумен жүрген. Үнемі іштей тынып тумаласы туралы ешкімге айта алмастан, сағынышын ішке бүгіп 1964 жылы өмірден өтті. Анамның айтуы бойынша мен қырқынан шыққан нәресте екенмін.
2002 жылы Сарнияз нағашымның үлкен ұлы Қатарбек Ақтөбе қаласына оқуға барып жүріп, Сағыз станциясынан мінген қызбен жол серік болады. «Сұрастыра келген қазақтан қарын бөле шығады» демекші жөн сұрастыра отырып танысқан Мейрамгүл жыршы Закарияның үлкен ұлы Хамиттің Кәдірғали деген ұлының қызы болып шығады. Бір-бірінің телефон нөмірін жазып екі жақ та ата-аналарынан сүйінші сұрайды. Ананың өмір бойы аңсап өткен сағынышы, зарыға күткен туысын артында қалған ұл-қызы көрді. Мейрамгүлден хабарды естіген Кәдірғали жолдасы Ғалияны ертіп, жиендерін іздеп Маңғыстауға жетеді. Осылайша араға жол салынып, келер жылы жиендері Сарнияз әйелі Балым, апалары Әсия, Қанби болып Сағыздағы нағашыларына қыдырып барса, Ақтөбе қаласында тұратын Хамиттің әйелі Рахима анамыз қызы Райгүлді әкеліп таныстырды. Кәдірғали ата-анасы Хамит пен Жадырасынға ас-садақа беріп жиендері бірге болады. Әулие басына барғанда анамның жете алмаған арманы орындалды, жеткізе алмаған ішкі шерін таратайын деп Қанби анам нағашыларының басына барып жоқтаумен жырлап қайтты. Міне, сол жылдардан бері өлі-тіріге араласып, арадағы үзілген марқұм Мөлдір ананың тірісінде көре алмаған үміті жалғанды. Анамның аңсаған арманы еді деп үнемі іздеген ұл-қызының жас өскен сайынғы уайымы қуанышқа ұласты.
Бұл күнде жыршы Зәкарияның қарындасы Мөлдірден туылған жиендері Бөлекбай, Әсия, Қанби, Сарнияз болса, олардан туылған ұл-қыздар Маңғыстаудың Ұштаған, Бостан, Бейнеу ауылдары мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларында тұрып жатыр. Ұлдары ұяда, қыздары қияда өсіп-өнген үлкен ауылға айналды деуге болады. Бұл дерек анам Қанби мен нағашым Сарнияздың айтуымен нақтыланып жазылды. Асылдың сынығы, алтынның тұяғы демекші ақынның қарындасы Мөлдірдің өмірі мен жиендері туралы деректер беруді өзімнің жиеншарлық міндетім деп білдім.
Жәния БЕСІНБАЕВА,
Бостан ауылы
Тағы оқыңыз: Маңғыстаулық дәрігер ұшақта адам өмірін құтқарып қалды