Қазақстан Журналистер Одағының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Түпқараған ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер, өлкетанушы Медет Дүйсеновтің 70 жас мерейтойы қарсаңында «Үдектің үнсіз мұнары» атты шығармашылық кеші өткізіліп, кітап көрмесі қойылды.
Медет Дүйсенов 1948 жылы 4 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Орта еспе ауыл советінде, Қаражанбас жерінде дүниеге келген. Бұл туралы ақын өзі былай деп жазады: «Бұлдырап артта қалған балалық шағымды ойыма алсам болғаны, жанарым алдында жапан дала, жібек жолын жел тарап, жүйткіген жылқылар шауып бара жатады.... мұның да өзіндік сыры бар, әрине. Өйткені мен сол сайын даладағы батыс Бозашының теңіз жағасына таяу орналасқан Орта еспе ауыл советінде, нақтырақ айтсам Қаражанбаста дүниеге келіппін. Кіндігімді Беріш Майлаштың әйелі Бибіхан кесіпті. Көз ашқаннан көргенім ұшы-қиырсыз боп көрінетін қос кеңістік, бірі – дала, екіншісі – көкжиекті көмкеріп жатқан көгілдір аспан», - дейді.
Медет Дүйсеновтің әкесі колхоздың жылқысын баққан, тамаша аңшы болған адам. Әкесі орталыққа барып келгенде бала Медетке қағаз, қарындаш, кітап әкеліп беріп, сурет салуға, кітап оқуға себепші болған, бес жасынан атқа мінгізіп үйреткен екен. 1966 жылы 18 жасында Тұшықұдық орта мектебін аяқтаған Медет аға Таушықтың 7Шахта елді мекеніндегі №82 Ауылшаруашылығы кәсіптік-техникалық білім беру училищесінде (СПТУ) оқып, жүргізуші мамандығын алып шығады. Сонда жүріп кітапханашы болады. Одан соң Таушық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарады. 1977 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетіне оқуға түсіп, (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оны 1983 жылы журналист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Университетте оқыған уақыттарында А.С.Пушкин атындағы Орталық кітапхананың оқу залында сағаттар бойы конспекті жазып отырудан жалықпайтын болған.
«Алматы қаласы мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Көпті көріп, көп нәрселер үйрендім. Қаншама абзал жандармен таныс-біліс болдым. Әсіресе ақын Әбу әкейдің (Сәрсенбаев), Ләзиза шешемнің, Райхан апайымның адам бөтенсіремейтін ыстықықылас, мейірім-шапағаты әсте есімнен кетер ме?! Мені өздерінің туған баласындай көретін еді-ау… Әбіш, Маршал, Темірхан, Әбілпайыз ағалар.., Қанипа, Фариза апам, олардың аялы алақандарының ыстық табы, жан жылуы тұла бойымды әлі күнге аппақ нұрға бөлеп келе жатқандай сезінемін», - деп жазады Медет ағамыз өзінің «Сағыныш екен сол бір шақ» атты кітабында. Сондай-ақ студент шағында қазақтың белгілі ақын қызы Қанипа Бұғыбаева, курстың старостасы, кейін «Жансебіл» кинофильмінің режиссеры, марқұм Аяған Шәжімбаев, Кәрім Айнабеков, Мырзан Кенжебаев, Ордаш Кендірбаев секілді ақындар мен Талғат Сүйінбаев, Мейрамбай Қибасовтай мықты журналистермен өте тату достық қарым қатынаста болған. Мұнайлы аудандық «Мұнайлы жаңалығы», «Мунайлинская новость», «Хабар», «Үш қиян» газеттерінде тілшілікте жүріп, Темір Мыңжас, Ғалым Әріп, Мұстахи Әйлековтермен бірге жұмыс жасады. Зейнеткерлік жасқа жеткенше Маңғыстау облыстық радио-телеарна хабарларын тарату орталығына қарасты мекемеде қызметкер болып жасады.
Үзіліссіз елу жылдай еңбек өтілімен зейнеткерлікке шыққан М. Дүйсенов 1970 жылдан бастап Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі атанса, 2015 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесіне ие. 2011 жылы 10 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Ақынның алғашқы өлеңдері оқушы кезінде республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі Ұлан), газетінен бастап, «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Қазақстан әйелдері» журналдарында, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде, «Жалын» альманағында, «Жұлдыз» журналында үнемі жарияланып тұрды. 1997 жылы, 2008 жылы жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедияларында ақынның творчестволық өмірбаяны жарияланды.
1996 жылы «Аманат» кітабына Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыл ұлының өлеңдерін жинап, тапсырған. Оған Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов батасын беріп, қазақ әдебиетінің классик ақындарының бірі, Халық ақыны Әбу Сәрсенбаев жолашар жазып, жыр жолында сәт-сапар тілеген.
1972-1983 жылдары ақын ағамыз бірнеше мәрте аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Жалпы М.Дүйсеновтің көптеген жыр топтамалары оннан аса ұжымдық жинақтарға енген. «Балауса» (1978 ж.), «Аңсар» (1986 ж.), «Таушық – құт мекенім» (2002 ж.), «Жыр моншақ» (2003 ж.), «Ақкетігім арайым» (2003 ж.), «Ақкетігім арқауы әнжырымның» (2006 ж.). Оның творчестволық қадамы туралы «Уақыт және қаламгер» (1978 ж.), «Жастар, жастар туралы» (1981 ж.) кітаптарында, мерзімдік басылым беттерінде жақсы тілек, оң пікірлер айтылды. М.Дүйсенов өлең-баллада, толғаулармен қатар, күрделі тақырыптарға да қалам тартып, «Бес асыл», «Дулығалы дауылпаз», «Туған жер құдіреті», «Бозбала мен бойжеткен» поэмаларын, «Бастау» (1979 ж.), «Жанымның жапырақтары» (1988 ж.), «Ғашық жүрек» (2001 ж.), «Үдектің үнсіз мұнары» (2007 ж.), «Құлбарақ батыр» (2010 ж.), өлең кітаптарын және «Парыз» (2009 ж.), «Түпқараған толғауы» (2010 ж.) тәрізді деректі хикаяттар кітаптарын жазып, тарихи тақырыпты да қаламынан тыс қалдырмады.
2007 жылы жазған «Тұрардың биік тұғыры» атты кітабында бір кездері елеусіз қалған елді мекен – Таушық ауылын аяғынан тік тұрғызып, үлкен іске ұйытқы бола білген азамат, «Қазақстанның үздік фермері» Тұрар Жолдыбаевтың өмірінен сыр шерте отырып, ол басқарған шаруашылықтың даму жолдарын дәйекті деректер арқылы әсерлі баяндайды.
2016 жылы өзінің сыныптастары жайлы сыр толғаған «Сағыныш екен сол бір шақ..» атты ғұмырнамалық кітабы жарыққа шықты. Туған жердің төл перзенті Медет ағамыздың бұл жетістіктері оның мықты қаламгерлігіне берілген жоғары бағалар деп білеміз. Бұның бәрі – екінің біріне бұйыра бермейтін мәртебе.
Ақынның өлең жазумен қатар сазгерлігі де бар. Көптеген әндері репертуарлық жинақтарда, баспасөз, баспа беттерінде шыққан. Сөзі Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлттар», сөзі Т.Айбергеновтің «Аққайыңдар» өлеңдерінің әнін жазды. Ал Ш.Сабытаевтың «Маңғыстау маршы», Т.Абдуллаевтың «Арманым, асыл әнім», С.Мәдиевтің «Атырау мұнайшыларының маршы», М.Ғаббасовтың «Маңғыстау мұнайшыларының маршы», «Аққуым менің», Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы А.Досанованың «Әкені аңсау», «Бекет Ата-Пір баба», «Түпқараған құрылысшыларының маршы» әндерінің сөздерін жазды. Сонымен қатар «Жан ана», «Сағыныш», «Түлеген түбек», «Маңғыстау мұнайшыларының маршы» әндерінің сөзін де, сазын да өзі жазды.
Ақын ағамыздың өлкетанушы қыры да бар. Оған дәлел 2010 жылы Алматы баспасынан шыққан «Таушық жерінің көне тарихы» атты зерттеу кітабы. Бұл кітабында ол Қазақстанның батысында жатқан кішкентай бір бөлшегі – Таушық жерінің ежелгі тарихымен тыныстап, біраз беймәлім нәрселердің шынайы сырын шертеді. Кітап жалпы оқырман дарға, әсіресе мектеп қабырғасындағы шәкірттерге туған өлкені таныту бағытында қосымша оқу құралы ретінде таптырмас құрал. Ертедегі адамдардың жартас беттерінде, үңгір қабырғаларында сан түрлі иероглифтерінде, негізінен, Оғыз-Қыпшақ, Адай дәстүріндегі «қолтаңбалар» жиі ұшырасады. Сонымен қатар қазақтың көптеген ру, тайпа таңбаларының кездесіп отыруын жазып, Таушық жерінің талайларға мекен болған ежелгі жұрт екендігін паш етеді. Талайларды тәнті еткен Таушық жерінің көне тарихын зерттей отырып, көне түркі топонимдерімен этнонимдерінің, антропонимдерінің түпкі тамырына үңіліп, өзінше пайымдаулар жасайды. Одан әрі Маңғыстаудағы жер, су атауларының этимологиялық сөздігін де жазып шықты.
2002 жылы ежелден келе жатырған салт-дәстүріміздің соқталы саласы халық емшілігі жайында сөз қозғап, атақты емші Мерген Нәбиұлы туралы «Дерт пен дауа» кітабын жа- зып, әсіресе дәрілік шөптер мен оның қолданылуы туралы қалам тербеді. Қазақтың қаһарман қызы Қаламқас туралы «Қаламқас» элегиясын жаза отырып, Қаламқас әулиесі туралы да зерттеу еңбектерін жүргізген.
Қазіргі таңда Медет ағамыз жұбайы Жадырамен тоғыз бала тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты жанұя. Балаларының ішінде «Ат тұяғын тай басар» демекші, кішкентай кезінен ұлы Еділбек әке жолын қуып келеді. Мектеп қабырғасында жүріпақ бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық ақындар мүшәйрасына қатысып, оза шапқан жас ақын Еділбек Дүйсенов қазіргі таңда Алматы қаласындағы Әл-Фараби Қазақ Ұлттық Университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 3 курс студенті. «Жұмбақ сәуле», «Мың бір жұмбақ», «Дауыс» кітаптарының авторы.
Ақын М.Дүйсеновтің шығармашылығын насихаттап, құрмет көрсету, жас буынға үлгі ету, көрермендерге рухани демалыс сыйлау мақсатында Таушық ауылында өткізілген «Үдектің үнсіз мұнары» атты мәдени шара көрермендерге ақын өмірі мен шығармашылық жолынан осылайша ақтарыла ақпарат бере алды. Түпқараған ауданының әкімі Т.Асауов мерейтой иесін арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ақынның ұлы, Алматы қаласындағы Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология, әдебиет тану және әлем тілдері факультетінің 3 курс студенті, жас ақын Еділбек Дүйсенов өзінің жүрекжарды «Әкеге арнау» өлеңін тарту етті. Сонымен қатар ағаның жақын достары мен таныстары, поэзияға бет бұрған жас ақындар мен өнер адамдары, ұжым дас болған жора-жолдастары мен ұстаздары да осы кештен табыла білді. Өз кезегінде сөз алған ақын ағамыз «Туған жермен тілдесу», «Жүректегі жүк», т.б. өлеңдерінен үзінді оқып, ой бөлісті. Мәдени шараны ұйымдастырған Таушық мәдениет үйі ұжымына алғысын айтып, көрер мендерге ризашылығын білдірді.
Жаңылсын ТАСТЕМІРОВА, Таушық мәдениет үйінің әдіскері