Маңғыстаудың қасиетті топырағына кіндік қаны тамған қазақтың көрнекті қаламгері, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының «Қазақтың ақын болмауы мүмкін емес, өйткені әр сөзі бірін-бірі іздеп тауып, құшақтасып, ұйқасып тұрады» деген ұлағатты сөзі бар. Шынында да қазақтың жаны ақын, рухы ақын. Сондай ақындардың бірі - Маңғыстау өңіріне белгілі ақын, білімді де, білікті журналист Есетова Айнахан Ығылманқызы. Ақынның шығармашылығына арналған «Бойтұмар» поэзиялық кеш Ақмарал Талпақованың ұйымдастыруымен «Бейнеу» мектеп-интернатында өтті.
Мақсаты - ақын шығармаларын жастар арасында «Рухани жаңғыру» аясында кеңінен насихаттау. Ақынның жыр кешінде ақын туралы жылы лебіздер мен мазмұнды әңгімілер айтуға ауыл азаматтары мен аналар және мектептің 8-11 сынып оқушылары қатысты.
Жыр кеші «Гүлдерайым» бишілер тобының орындауындағы қазақ биімен ашылды.
Поэзия, менімен егіз бе едің?! Сен мені сезесің бе? Неге іздедім? Алабұртқан таңдардан сені іздедім,Қарауытқан таңдардан сені іздедім, - деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, бір мезгіл сырлы әуенге, жадымызда жаңғырған жыр жолдарына құлақ түрдік. Мектеп оқушылары ақынның өлеңдерінен шашу шашты. Ақынның прозалық шығармасы «Маңғыстау мінез арулар» топтамасынан шағын сахналық қойылым қойылды. 10 сынып оқушылары Оңғалиева Жұлдыз бен Қалмырзаева Динараның сомдаған образдарының әсерлі шыққаны соншалық, көрермен қауым көздеріне еріксіз жас алды. Көрерменнің өлеңге деген қошеметі мен ыстық ықыласынан біз де руханиятқа шөлдеу, жан азығына ұмтылыс бар екенін ұқтық.
«Өлең деген ата-бабадан қалған асыл мұра, оны біз ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруымыз керек», - деді ақын апа. «Сыйлағанның құлы бол» демекші, ақын жиналған жұртшылыққа ықыласы мен жылы лебізін айтып, кеш соңында көрерменге «Түйме» атты өлеңін тарту етті.
Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, ерекше өлең өрнегімен оқырман жүрегіне жол тапқан ақын, білікті журналист Айнахан Есетованың өлеңдеріне ән де жазылып жүр. Жыр кешінде Айнахан апаның сөзіне жазылған «Келінге өсиет» әнін ауданға белгілі әнші Рысты Кабулова орындаса, Ақмарал Талпақова мен Ақмәрмәр Сұлтанованың орындауындағы «Армансыз күнім болмайды», Оралхан Қамиеваның орындауындағы «Перзент парызы» әндері көпшілік көңілінен шығып, қошеметке ие болды.
Ақын мен сазгердің шығармашылығы әншіге олжа деген осы болса керек.
Кеш соңында ақын апаға қошамет, құрмет көрсетілді. Кештен кейін Айнахан Есетова мектепте жаңадан жасақталған музей және демалыс аймағымен танысып, өз тілегін білдірді. Мектеп кітапханасымен танысып, кітап қорын толтыруға атсалысатындығын айтты. Ұстаздар мен мектеп оқушылары ақынға зор алғыстарын айтып, естелікке суретке түсті.
Тартымды өткен бұл шара рухани жаңғыруымыздың бір көрінісі десек жаңылмаймыз.
Айжақсы ЖЕТПІСОВА, биология-химия пәні мұғалімі