Ерте замандардан бері тойланып келе жатқан ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен заңдастырылып, елімізде Қазақстан халқына ортақ, бұқаралық сипатқа ие мереке болып қалып тасқан. Әдеттегідей Наурыз мейрамы осы айдың 21-22-23 күндері мерекеленеді. Кезең талабы мен талғамға қарай халықтардың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы дәріптеліп, мәдениеті мен өнері сахналанып, көрініс табуда. Яғни Наурыз мейрамының жыл өткен сайын сән-салтанаты да, мән-мазмұны да жаңарып, жаңғыру жолында.
Әне-міне дегенше болған жоқ, қыстың да қаһары қайтып, көктем мезгілінің шуағы төгіліп, жылы лебі есе бастады. Міне, бұл көктем мезгілінің келіп жеткенін аңғартса керек.
Табиғаттың тамаша мезгілі көктемнің алғашқы айы наурыз да туып, жер аяғы кеңіді. Осы мезгілде бүкіл тіршілік атаулыға өзгеше өң кіріп, жасанып, жаңару үстінде. Бұл да табиғаттың мызғымас заңдылығы. Осындай табиғи өзгерістермен ерекшеленетін көктемнің алғашқы айы - НАУРЫЗ.
Тарих беттерін парақтасақ, түркі тектес шығыс халықтарының ұғымында наурыз – жаңа жыл басы саналып, ежелден-ақ мейрам ретінде тойланып, елімізде дәстүрге енген. «Наурыз сөзі парсы тілінде жаңа жыл басы деген ұғымды білдіреді» дейді білетіндер.
Наурыз мейрамының тарихы жайлы Омар Хайям жазбаларының бірінде: «Аптаптың (күннің) екі айналуына орай, олардың бірі төмендегіше – күн әр 365 күн ішіндегі тәуліктің төрттен бірінде амал айының бірінші минөтіне шығып кеткен кезінің өзінде тағы да орнына қайтып келеді және жыл сайын бұл кезең кеми береді..» дей келе, «Жәмшид бұл күнді түсінгеннен кейін оны наурыз деп атады да, мерекеге айналдырды.. Наурыз жаңа күн-көктемдегі түн мен күннің теңесуіне тура келетін жаңа жыл мейрамы. Көктемгі бұл теңесу бізге байқаусыз ыңғайда болмашы жылжып тұрады...» деп жазып қалдырған.
Омар Хайям – кезінде жанжақты ғылымды зерттеген ғұлама. Ол – математик, дәрігер, ойшыл, астроном, атақты шығыс шайырларының бірі.
«...Шын есімі-Ғиясиддин Абдулфатих Омар ибн Ибрайм-Һайами Нашапури. Ол 1048-1132 жылдар аралығында өмір сүріп өткен. Отаны Каспий теңізінің шығыс және оңтүстік-шығыс жағындағы Ашхабад, Мары және Хорасан және бір пұшпағы Нишапур аймағы» деген деректер С.Дәуітұлы мен И.Сапарбаев дайындап шығарған «Наурызнама» кітабында келтірілген екен.
«Наурыз» жаңа күн Омар Хайямның заманында 14-16 наурызға тура келген. Арада уақыттың өтуімен аспан денелерінің қозғалысына байланысты қазіргі заманда 20-22 наурызға сәйкес келіп жүр.
Сонымен наурыз мерекесі еліміздің батыс аймағында ертерек, соның ішінде Маңғыстау өңірінде 14 наурыздан бастау алады. Ерте кезден ата-бабамыз мал бағып, шаруа жайлап, тіршілік етіп өмір сүргендіктен наурыз айындағы күн мен түннің теңесер сәті - 14 наурызды Амал туды, жыл жаңарады деп есептеген. Яғни осы күнді айдың тоғысына қарап, көктемнің басталғанын атап, мейрам ретінде мерекелеу кең қанат жайған.
Осы күні бүкіл ауыл-аймақ мәре-сәре болып, «Амал келді, жыл келді!» деп атой салып, ат шаптырып, ұлыстың ұлы күнін тойлайды. Күнделікті тұрмыс-тіршілігінде шаруа жайымен мігір таппай жүріп, бірін-бірі көптен көрмеген ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаран, таныс-тамыр жан-жақтан жиналып, сағынысып табысады. Ақжарма пейілмен арқа-жарқа болып жүздесіп, құшақтасып төс түйістіріп көріседі. Егер пендешілікпен бір-бірінің көңілін қалдырған жері болса, кешірім жасап, өкпе-реніштерін ұмытады. Осы күні адамдар ертемен тұрып, үйінің айналасын, отбасын, ошақ қасын тазалап, ұлттық киімдерін киіп, жарқырап жүреді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап, мейірім шуағын төгеді.
Үйіне көрісе келген қонағына дастархан жайып, қазан көтерген. Салт-дәстүрге сай жеті түрлі дән мен құнарлы дәмдерді қосып, наурыз көже пісіріп, дәм татырып отырады. Амал күні әрбір адам шамасы келгенше 40 үйдің есігін ашып, үлкен кісілерге көрісіп, амандасуды ниет етеді. Әркім де «Егер мен 40 үйдің есігін ашып, парызымды өтесем, Қыдыр ата ырыс-несібемді молайтады» дегендей түсінікпен қалыптасқан қағиданы қалт жібермейді. Қайырымдылық қалыс қалмайды. Осылайша басталған Наурыз мей- рамы ай бойына жалғасып отырады. Міне, мұның бәрі де – біздің сонау ата-бабамыз салып берген соны соқпақтың бүгінде ұлағатты ұлы жолға ұласып, халқымыздың салт-дәстүрінің сабақтасып келе жатқанының айқын дәлелі. Тұрмыс-тіршілігіміздегі әдеп-ғұрпымыз әспеттеліп, ұлттық құндылықтарымыз көрініс табатын мейрам. Мереке шеңберінен халықтың ырым-жоралғысы шет қалған емес. Жұмылған жұрттың, ынтымағы жарасқан халықтың ой-пікірінің ортақ, мақсатының бір, бағытының айқын екендігін осындай ізгілікті іс-шаралармен бейнелейді.
Өзіндік өзгеше бір сән – салтанатымен көптің көңіліне қуаныш ұялатып, санамызға сілкініс тудырып, рухты көтеретін көктем мерекесі құтты болып, жақсылығы жалғаса бергей!
Кәрісбай ӘДІЛ Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынған