Халық Тарастың есімін Таразы деп өзгертті. Ол туралы мынау Маңғыстау, сонау Арал бойында айшықты аңыздар туды. Соның бірін 1980 жылдары іс-сапармен Қызылорда өңіріне барған музей қызметкерлері Қызылорда облысының құрметті азаматы, ардагер-ұстаз, Арал балықшыларының ұрпағы, жасы 98-дегі Саламатов Зинұр ақсақалдың өзінен жазып алған екен. Осы жазбаны араға жылдар салып оқырман назарына қайта ұсынбақпыз.
- Біз дала жандары, теңізді сирек көреміз, - деп бастапты көпті көрген қарт адам онымен әңгімесін. – Арал теңізінен орыстардың желкенді қайықтарын көргенде әкелеріміздің зәре-құты қалмай қаша жөнелген екен. Сол желкендердің бірінде туысқан украин ақыны Т.Г.Шевченко да болыпты.
- Көшпелі қазақтар қанатты қайықтарға ұзақ қарап: «Бұлар қайдан пайда болды, өздері кімдер, оларға жан жүзбеген Аралда не бар?»,- деп көп толғанды.
Сөйтіп жұрт ой толғауында тұрғанда, екі жігіт сәйгүліктеріне қарғып мінді де, теңіз жаққа шаба жөнелді. Олар қанатты қайықпен жүрген адамдармен тілдесіп, сөйлеспекші болды. Екі жігіт аттарын ақ көбік етіп, теңіз жағалауына жетті. Бас киімдерін алып, әлгілерге бұлғады. Бірақ теңізшілер оларды байқамады. Сөйтіп ол жігіттер қанатты қайықтардың теңізге қайдан пайда болғанын біле алмай қайтты. Бірақ адам әрнәрсені білуге әуес келеді ғой, әуестік қорқынышты жеңіп, адам бойына ерлік, қайрат береді. Ойға алғанын орындамау ер жігітке өлім емес пе? Әлгі екі жігіт аттарын көк майса арасына тұсап жіберді де, өздері теңіз жағасында қалады. Олар кешкі қара көлеңкеде желкенді қайықтар көрінбей кеткенше ұзақ қарап отырды. Міне, олар көзден ғайып болды. Қараңғы аспан мен теңіз ұштасып кеткендей. Күте-күте көздері талған жігіттер ұйықтап кетеді. Олар оянса қастарында мылтық, қылыш асынған адамдар тұр екен. Бұлар қайықтан түскен солдаттар еді.
- Сіздер кімсіздер?
- Көшпелі қазақтар боламыз, - деп жауап берді де, жігіттер кетуге ыңғайланады.
- Тоқтаңдар, тоқтаңдар! - деді бұларға бір мұртты солдат. Жігіттер оның қасына келді. Әлгі мұртты солдат олардың қолдарын қысып, өзіне қонаққа келуге шақырды.
Жігіттер ертесіне теңіз жағасынан ақ шатырды көрді. Бір қойдың етін, бір торсық қымыз алып жігіттер лагерьге келді.
Кешегі мұртты солдат оларды өз шатырына шақырып, өзін Тарас деп таныстырды. Қонақжай қазақ жігіттері Тарасты қой етімен, қымызбен сыйлап, оған домбыра тартып, әуенді дала әндерін айтты. Күйіне келген домбыра да күңірене шықты. Тарас өзіне таныс емес, бірақ жүрек қылын шерткен мұңды күйді жанымен сезіне отырып тыңдады. Осы сәтте ол өз жерлестерін есіне алған болар. Домбыра шегінен ол бандура үнін естіді. Ал әнші қазақ жігітінің даусынан өз елінің мұңын ұққандай болды. Жас ақынның әндері Тарасқа өте ұнады. Ол осы күннен бастап әлгі Асыл, Айтмағанбет деген жігіттермен достасып кетті.
Арал маңында көшіп жүрген Асыл мен Айтмағанбет ауылының жазғы жайлауы Тарас лагерінен онша алыс емес-ті. Ол екеуі жаңа досына аптасына әлденеше рет келіп, оған қымыз әкеліп, әсем әндер айтатын. Жаңа достың өзі де домбыраны қолына жиі алып, өз әндерін де оған қосатын болды. Тарас бұл жігіттермен әңгімелескен кезде шатыр іші адамға лық толып кететін. Орыс солдаттарды да қазақ домбырасы мен Украин кобзарының әнін құмарта тыңдайтын.
Бір кезде жігіттер көпке дейін Тарас лагеріне келмей қойды. Олардың ауылы Сырды өрлеп көшіп кетіпті. Күрең қабақ күз келді. Асылдың өзі сияқты көшпелі бір қазақтың қызына көңілі ауды, оған үйленбекші болды. Сүйгені Райханмен жүз көрісу үшін ол оның ауылына жиі барып тұрды. Бір күні сүйген жары оған суық хабар айтты. Дәулеті бар бір бай ауыл ақсақалдарын ертіп, оның әкесіне келіпті. Олар Райханның атын әңгімеге қосып, көп отырыпты. Ақыры әкесі қызын байға тоқалдыққа беруге келіскен. Жігіттің жас жүрегіне қайғы ұялайды. Асыл жексұрын байдың әлгіндей әлегінен қалай құтылудың, Райханның әкесіне шешімін қалай бұздырудың жолдарын ойлап, қатты күйзелді. Бай өз әмірін қайтсе де орындата алады. Асыл сүйген жарының ауылынан осындай ауыр ойда қайтты. Екі дос мынаған келісті: Жұрт ауылдан бәйге көруге кеткенде Асыл мен Райхан жараулы сәйгүліктерге мініп, ешкімге тіс жарып, тіл қатпастан Сырдарияның ну қамысына кіріп қашып кетеді. Бәйгінің қыза түскен кезі. Садықбек бай Райханның әкесіне қызды өз үйіне апар деп әмір етті. Бірақ Райханның қашып кеткенін естігенде ол аш бөрідей алас ұрды. Өзінің ұр да жық жігіттерін іздеуге жұмсады. Бай не айтса да екі етпейтін есерсоқ, қуғыншы жігіттер Арал маңындағы бар өңірді шарлады.
Тарас өз достарын талай күн асыға күтті. Ол теңіздің биік жарқабағына шығып, жалпақ жазық далаға ұзақ қарап тұратын болды. Мүлгіген мылқау даладан анда-санда ғана жалғыз атты жолаушыдан, жемтік іздеген құзғын құстан басқа ештеңе көрінбеді. Бірде, лагерге қарай құйындата келе жатқан екі салт аттыны көргенде Тарастың жүрегі де қуанышқа бөленді. Ол жарқабақтан түсіп, оларға қарсы жүгірді.
- Тарас аға, құтқара көр! Артымызда қуғын бар - деп Асыл алыстан айқай салды. Тарастың жанына жете бергенде Асыл аттан секіріп түсті де, лагердің сақшыларына таяп келді. Тарас бұларды өз шатырына кіргізді. Қуғыншыларды сақшыларға қуып жіберіңдер деп әмір етті. Байдың қуғыншылары Асыл мен Райханды көндіріп беруді сұрап көпке дейін кетпей, айқайлап тұрып алды. Бірақ сақшылар оларды лагерьден қуып жіберді. Олар ақыры Садықбек ауылына құр қол қайтты. Бай мұндай қорлыққа шыдай алмай, Тарастың шатыры тігілген лагерьге өз тыңшыларын талай рет жіберді. Бірақ Асыл мен Райхан сенімді қамқорлықта еді. Бай әрекетінен ештеңе шықпады. Тарастың Асылға деген сүйіспеншілігі бұрынғыдан да арта түсті. Бұлар енді бір-бірін жақсы түсінетін болды. Тарас жастарға Украина туралы, украиндықтардың әдет- ғұрыптары туралы әңгімелесе, Асыл өз тарапынан қуғында жүрген ұлы ақынға дала әндері мен аңыз әңгімелер айтты. Бірде Тарас шатырға көңілсіз қайтты.
- Сізге не болған, Тарас? – деді Асыл.
- Бізді өзіңізбен ала кетіңіз, Тарас аға, - деді Асыл. Біз қандай жұмыс болса да істеуге әзірміз. Егер біз қанатты қайықтарға мінсек, бай мен оның сыбайластары қарамызды да көре алмайды - деді.
Тарас флотилия бастығымен келісті. Асыл мен Райхан экспедицияда жұмыс істеуге қалды. Кешікпей флотилия теңізге шықты да, Садықбек байдың ауылы шалғай қонысқа көшіп кетті. Күз ортасында Тарас хабар алды. Патшаның бұйрығы бойынша оны Каспий теңізіндегі шөлейтті жарты аралға жер аударатын болыпты. Бұл хабар Асыл мен Райханға ауыр тиді. Өз достарымен қоштасарда Тарас Асылға өзі салған бірнеше суреттерді сыйлады. Олардың ішінде Тарастың автопортреттері де бар еді. Ұлы ақынды жас достарымен алысқа алып кеткен кішкене қайық көзден әбден таса болғанша Асыл мен Райхан оған ұзақ қарап тұрды. Ертеңгісін Асыл өзінің азатшы досының портретін каютасындағы столдың үстіңгі жағына іліп қойды.
Асыл Арал теңізінде ұзақ жүзді, бірақ ұлы Тарастың портретін қашанда жанынан тастамады. Өзі қайтыс болғанда, ол Тарастың портретін ұлына мұра етіп қалдырды. Ал ұлы оны өз мұрагерлеріне тапсырды. Арал балықшылары сол портретті Тарас Шевченконың Арал теңізінде болған ұмытылмас күндерінің ескерткіші ретінде ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп, күні бүгінге дейін сақтап келеді.
Ақзия НҰРҒОЖИНА, «Мұражай кешені» музейі маманы