©
"Азаматтарға арналған үкімет" қызметі Қарақия ауданында жемісті жүзеге асуда. Аудан бойынша алғашқы "проактивті" балаға туу туралы куәлікті алу бақыты - Құрық ауылының тұрғыны Ақмарал Кенжебаеваға және Мұнайшы ауылының тұрғыны Гүлбаршын Қуанға бұйырды.
Алғашқы куәлікті Жетібай ауылы мемлекеттік корпорация бөлімшесінің басшысы Талғат Көшкінов Гүлбаршынның сәбиі Азимге табыстаса, Қарақия ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қыдырберді Беков келесі куәлікті Ақмаралдың сәбиі Тұрарбекұлы Азаматқа тапсырды. Электронды үкіметтің ең алғашқы куәліктеріне ие болған сәбилерге сый-сияпат, аналарына гүл шоғы ұсынылды. Аудан басшылығы перзентханаға арнайы барып, аналар мен балалардың жағдайын біліп, құттықтады.
2018 жылдың 10 қаңтарынан бастап аудан әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылып, бала туған ата-аналарға мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен көрсету жобасын жүзеге асыра бастады. Енді ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында жаңа туған нәрестені тіркеу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады. Пилоттық жоба іске қосылғаннан бері SMS-хабарлама арқылы 3 анаға құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді проактивті принциппен алу ұсынысы жасалды. Бұл орайда электрондық үкімет порталы барлық мәліметтерді түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Сондай-ақ телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге, перзентханаға жеткізу қызметін пайдалануға болады.
Еске салайық, мемлекеттік қызметтерге проактивті тәсілмен қол жеткізу үшін азаматтар жеке сәйкестендіру нөмірін порталдағы жеке кабинетінде көрсетілген телефон нөміріне бекітуі тиіс.
Қарақия ауданы әкімдігінің аппараты