©
РЕДАКЦИЯДАН: Бұған дейін сайтымызда журналист Мұратбай Ұлықпанның "Жаңаөзенде мал ұрлағандар ұстатпай жүр" деген мақаласы жарияланған болатын. Осы мал ұрлығы бойынша құқық қорғау органдары іздестіруді бастап, Бейнеу бетінен күдіктілерді ұстады. Жазылған жайдың жаңғырығы ретінде М. Ұлықпанның "Маңғыстау" газетінде жариялаған мақаласынан үзінді беріп отырмыз.
Төрт бірдей түйесінен айырылған Қызылсай ауылының тұрғыны Руслан Өмірзақовтың жазған арызы бойынша Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, екінші бөлігімен (ұрлық бойынша) қылмыстық іс қозғап, жедел іздестіру шараларын бастап жіберді. Нәтижеде ұрының біреуі 14 қаңтар күні Бейнеуде қолға түсті.
Ол отбасылы, бұрын сотталмаған, еш жерде жұмыс істемейтін, 1987 жылы Қарақалпақстан Республикасында туған, Шоманай ауданының тұрғыны, Д.Т. екені анықталды. Ол уақытша Бейнеу поселкесінің №6 ауылында тұрған.
Тергеу барысында екінші қатысушы Түрікменстан Республикасында тұратын, 1986 жылы туған Б.М. екендігі белгілі болды. Ол Жаңаөзен қаласының Рахат ауылындағы «Ақсу» шағынауданында уақытша тұрады екен.
Қазір бұлардың үстінен Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасында сот алды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстары анықталса заң алдында тиісті жазаларын алады. Жалпы бұл «халықаралық ұрылар» түрменің төріне қойдай тоғытылатын болады.
Міне, «Сұқ – семірмейді, ұры – байымайды» деп халқымыз осындайдан айтса керек. Сондықтан «Тек жүрген тоқ жүреді, домаланып көп жүреді». Орда бұзар отызда ұрлық жасап, жаман атың шығып, артыңда дұрыс ізің қалмаса жақсы емес. Өйткені жігітке «мешкей» деген ат жараспайды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН