Біздің түптегі түбектің баспасөз тарихы тереңде. 87 жылдық тарихты тарқататын «Ақкетік арайы» газеті негізінде Маңғыстау облысындағы тұңғыш баспасөз екенін бірі білсе, бірі білмейді.
28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлерінің, журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында ғана емес газет тарихын түгендеу барысында аудан газетінің ардагерлері туралы, газет тарихына қатысты тұлғалар туралы мәліметтер жинап келеміз. Жылдағы дәстүріміз бойынша мереке қарсаңында тарихты сөз етіп, газетке қатысты тұлғаларды түгендейміз. Сол мақсатта Жаңаөзен қаласына сапар жасап, бүгінде Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы Жәңгірхан Смағұлов туралы тоқталғымыз келеді.
Түбектегі тұңғыш газеттің бастауын сөз еткенде Маңғыстаудың мәдени, ағарту орталығы болған тұңғыш қаласы, халық ауызында Ақкетік аталып кеткен Форт-Александровск баспаханасында 800 дана таралыммен айына он рет шығып тұрған газет туралы өлке тарихы баяндайды. Уақытында Ж.Тәпесұлы, Ж.Сәрсембин, Н.Несібекұлы, Т.Мұқамбетұлы, Ғ.Нұрымов, Ж.Қызылбаев, т.б. белгілі азаматтар редакторлық еткен, баспа тәсілімен, «Жаңа жұртшылық» атауымен шыққан газет осы бүгін қолыңызға алып отырған «Ақкетік арайы» газетінің негізі. Кейіннен Кеңес өкіметінің 30-жылдардың басындағы саясатына орай газеттің атауы 1932 жылы №36–шы санынан бастап «Колхоз жолы» атымен шыға бастаған болатын. «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранмен жетісіне екі рет басылып отырады. Газетте Х.Тәренов, Т.Мұхамбетов, Г.Нурушев, Ж.Дүйсенов сынды азаматтар жауапты редактор қызметтерін атқарып, ауысып отырған. Кейін «Ленин туы» деп өзгертіліп басылады. Осы атпен газет 1963 жылға дейін шығып тұрды да, Форт-Шевченко ауданы таратылған кезде жабылып, бүгінгі Маңғыстау ауданындағы «Жаңа өмір» газетіне біріктіріліп, үзіліссіз бүгінге дейін шығып келеді.
«Ленин туы» газетіне тұрақты Орлыбай Барашев (мәдениет тақырыбында), Ашығали Қомытов (ауыл тынысы), Кәрлен Ізбасов (білім саласы), Б.Латипов, Маршал Әбдіхалықов, Оразаухан Ізбасаров тұрақты жарияланымдар беріп тұрған. Газетте «Әңгіме бала тәрбиесі жөнінде», «Фелетон», «Мына кітапты оқыңыздар!», «Ленин туының дабылынан кейін» деген тұрақты айдарлармен қоса, «Әдебиет беті» де оқырманға жол тартып отырған. Мұстахи Бимағанбетов, Жәңгірхан Смағұлов сынды азаматтар редакторлық еткен. Қалдыбай Серіков – өндіріс бөлімін, Оразаухан Ізбасаров – жауапты хатшы әдебиет бөлімін, Құрсақбай Шәкилов – хаттар бөлімін, Қожанай Әминов – ауыл шаруашылық бөлімін, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жәңгірхан Смағұлов жауапты хатшы қызметін атқарған.
Ағартушы әкеден жөнсіз біреу тумасы анық. Адай уезді еңбек бөлімінің төрағасы, Адай округі кәсіподағының төрағасы және алғаш құрылған «Қосшы» одағының төрағасы сынды жауапты қызметтерді атқарған, Форт-Шевченко аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болған Ысмағұл Сейтқазиев сынды қайраткер туралы Әбілхайыр Спанның «Қазақстанның тұңғыш сенаторы», «Тобанияз», «Жаманқара Иса болыс» кітаптарында, Сайлау Жылқыайдаровтың, Қамысбай Мырзағалиевтардың жазбаларында да айтылды. Халқына қисапсыз еңбегі бола тұра, асыра сілтеу саясатының құрбаны болып, қуғын мен сүргінге тап келіп, елден көшуге мәжбүр болады. Сол мәжбүрлікпен шетте жүріп те түрікмен, қазақ балаларын оқытып, мықты мамандар дайындайды. Жәңгірхан Смағұлов шетте жүріп демі үзілген әкенің тұяғы.
Жәңгірхан Ысмағұлұлы 1932 ж. 25 желтоқсанда Форт-Шевченко қаласында дүниеге келді. Екі жасында анасынан, төрт жасында әкесінен айырылып, тағдыр тауқыметін бала кезінен тартты. Әкесінің інісі Аюп пен оның әйелі Қораз бала Жәңгірханды қолдарына алып, тәрбиелейді. Ол 1939 ж. Красноводск қаласындағы Жебел стансасындағы мектептен екінші сыныпты бітіреді. 1941 ж. Маңғыстауға қоныс аударады. Сартас жерінде қойма меңгерушісі болып жұмыс жасап жүрген көкесі Аюпқа жазықсыз жала жабылып, жеңгесі Қоразбен Форт-Шевченко қаласына қоныс аударуға тура келеді. Көкесі сол кеткеннен 1953 ж. бір көзінен айырылып келеді. Жәңгірхан 9-сынып оқып жүрген кезінде жеңгесі Қораз дүние салады. Бір емес, екі рет жетімдік көрген тағдыры осылай басталады.
Әкенің, ананың мейіріміне қандырмаған, маңдайын сипатпаған тағдыр тауқыметі бірақ оны жасытқан жоқ. Өзі айтқандай, Алланың шексіз мейірімімен өмір жолында өз орнын тауып, жаратушы жазған ғұмырын сүруге сол қиындықтар керісінше қайрай түсті. Бір көрген жанға ұстаз екені бірден сезіледі. Ақырын жүріп, анық басып, абай сөйлейтін ақсақалдың сөзі де көп емес. Жаңаөзен сапарында Кетіктің ғана емес, Маңғыстау баспасөз тарихында өз орыны бар «Колхоз жолы» газетінің редактор орынбасары қызметін атқарған Жәңгірхан Ысмағұлұлымен жүздесіп, тілдесудің жолы түскенде біз қуандық. Себебі, біздің газеттің түп тарихындағы тұлғалар ішінен көзі тірі, бізге сонау «Колхоз жолы» мен «Ленин туы» туралы айтып бере алатын да жалғыз кісі Жәңгірхан Ысмағұлұлы.
Маңғыстаудың киелі Кетік шахары, өнер мен ғылымның, мәдениеттің ордасы болғаны белгілі. Ең алғаш еліміз бойынша радио осы жерде байланыс торабын орнатса, облыстағы мектеп пен кітапхана да осы жерде бой көтерді. Газет те «Жаңа жұртшылық» деген атпен өз оқырманына 1931 жылы жол тартқанын жиі жазып келеміз, тағы да қайталап өтейін. Түптегі түбектің киелі шаңырағы 130 жылдай тарихы бар, кезінде С.М.Киров атындағы, қазіргі Есбол Өмірбаев атымен аталатын мектептен мықты деген азаматтар тәрбие мен білім алады. Жәңгірхан Ысмағұлов да сол мектептің 1949 жылы бітірген түлегі. Мектепте Есбол Өмірбаев сынды өлкетанушы, тарихшы ұстаздан тәлім алып, сан түрлі ауыртпалықтарды еңсере педагог мамандығын игеруге оқуға аттанады. 1951 ж. Орал қаласындағы оқытушылар институтының тарих мамандығын тәмамдап, еңбекке араласты. 1951-1957 жж. С.Киров, А.Микоян, Т.Шевченко мектептерінде тарих пәні мұғалімі, оқу ісі меңгерушісі, мектеп директоры сияқты жауапты жұмыстарды атқарады. Одан кейін 1961 ж. Орал пединституты тарих және қоғамтану мамандығының сырттай бөлімін бітіреді.
Бүгінгі Ақкетік арайы газетінің тарихында атауы "Колхоз жолы" болып өзгерген тұстан бастап, 1957-1962 жылдар аралығында осы газеттің редактор орынбасары, орын алмастыру үшін редакторы болып та қызмет атқарады. Кейіннен газет қазіргі Маңғыстау ауданына өтіп, редакция «Жаңа өмір» газетіне қосылған 1962-1963 жылдарда аудандық парткомда лектор-кеңесші болып еңбек етті. 1963 ж. Өзен кен орны ашылып, мұнай өндірісінің жұмысы басталған кезеңде жаңа өндірістік аймаққа келіп, педагогикалық еңбек жолын жалғастырды. №4 Қызылсай мектебінде пән мұғалімі, мектеп директорының өндірістік білім беру жөніндегі орынбасары, кешкі мектеп директоры қызметтерін 2005 жылға дейін абыройлы атқарды. Ұлағатты ұстаз Ж.Ысмағұлұлы Өзен қаласының қоғамдық өміріне де белсене араласты. Ұзақ жылғы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «ҚазКСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы» атағымен және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталды. Өнегелі өмір жолын айшықтайтын «Өмірден-өнеге» атты кітабының авторы Жәңгірхан ақсақал жақында жарық көрген түбектегі тұңғыш мектептің «Мәуелі бәйтерек» кітабының жарыққа шығуына да, мектеп тарихын түгендеу барысында да оң бағыт берер жақсы кеңесші болғанын айта кеткеніміз жөн.
- Аудандық «Колхоз жолы», кейін «Ленин туы» газетінде редактордың орынбасары, қалалық партия комитетінің лектор консультанты болып жұмыс істеп жүрген кездерімде сол кездегі басшы азаматтардың кадр мәселесіне жете мән беретіндігін сезіндім. Бірінші толқын біздер түгелдей педагог болдық. Бізден кейін мектеп бітірген жастар өнеркәсіп, шаруашылық мамандықтарына орай оқуға ұйымдастырылды. Сөйтіп, кейінгі толқын Астрахань балық шаруашылығы жоғары оқу орнына, Баку мұнай институтына жіберіліп, ойдағыдай бітірулеріне бағыт жасалды. Олардың көпшілігі қазір түбегіміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Ақтау қаласындағы политехникалық институтының оқытушысы, геолог-минеорология ғылымының докторы профессор Аманиязов Құрбан, Алматы политехникалық институтының оқытушысы, математика ғылымының кандидиты Наурызбаев Жетібай есімдерін ерекше атауға болады. Біздің қиын-қыстау заманнан осындай дәрежеге жеткізген ағайларымыздың бірқатары арамызда жоқ. Атап айтқанда, Есбол Өмірбаев, Мұстахи Беймағанбетов, Мағаз Әлімбетов, Бақыт Сақтағанов, Зайыр Жексенбаев, Атажан Нұрбаев, Сапар Ергембаев, Александр Животин. Оларды әр кез еске алып, әруақтарына бас иеміз, - деп еске алады Ж.Ысмағұлұлы өзінің «Өмірден-өнеге» атты өмірдеректік кітабында.
- Жәкеңнің мектептегі қоғамдық жұмысы қабырға газеттерінің мазмұнды шығуына бас-көз болу. Соған орай біз сияқты жас тілшілерге сабақ өткізіп, баулыды. 1951 жылы Оралдың педагогикалық институтын бітірген соң мұғалім, одан кейін партия комитетінің жолдамасымен Форт-Шевченко аудандық «Колхоз жолы» газетінде біраз жыл редактордың орынбасары болып еңбек еткенін қоғамдық жұмыстарда бірге жүргенде білдік. Жерлесіміз, белгілі жазушы марқұм Маршал Әбдіхалықов, қазіргі Гурьев облыстық «Атырау» газеті редакторының орынбасары Қилыбай Қуанышбаев кезінде қаламдарын біздің Жәкеңнің ұстаздығымен ұштапты, - деп «Маңғыстау» газетіне шыққан «Ұлағат» атты мақаласында жазушы Әбілхайыр Спан еске алады.
Сол мақалада ұлағатты ұстазы Жәңгірхан Ысмағұловтың бай кітапханасы туралы да жазушы әсерлі сөз қозғайды. «Алпысыншы жылдары жеке кітапхана ұстау деген ұғым біздің ортаға сіңісті бола қоймаған. Ең көп оқиды деген адамның үйінен мықтағанда 40-50, шауып шыққанда 100-дің о жақ, бұ жағындағы кітап кездеседі және олардың дені көркем әдебиеттер болып келетін. Бір күні маған ұстазымның табалдырығынан аттаудың сәті түсті. Бұған мұрындық болған Жәкеңнің «Пәнді жақсы білу оқулықтағыны ғана оқып алу емес, соған қатысты өзге әдебиеттерді де білу» деген ақылы еді. Тұрғын үй проблемасы қазірдің өзінде шешілмеген. Өзенде ол кезде кең пәтер, сірә, болып көрген емес. Ағайдың да мекені кіре берістегі тар дәлізін есептемегенде кішкене екі бөлме екен. Соның түпкі бөлмесінің үш қабырғасы толы кітап болып шықты. «Міне, байлық» - дедім мен іштей таңқалысым мен сүйсінуім аралас. Амал не, кітаптың көбі орта мектеп оқушысы түгілі одан қалыңқылардың да тісі бата бермейтін мұтылардікі. Бартольд, Саблуков, Гумилев сияқты атын біз естімеген ғұламалардың қаламынан шыққандар. Дегенмен біздің шарғымызға шақ дүниелер табылып қалды.Қоржын қолабам ол күні де, одан кейін де бос қайтқан жоқ. Осылайша мен бір кездері Жәкеңнің жеке кітапханасының да тұрақты оқушысы болған едім» - деп тағы бір естелікті еске алған. Бірақ үйіндегі бай кітапхананы Жәңгірхан ата біз барған кезден азырақ біраз бұрын түп түгелдей мектепке тарту етіпті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Аспаннан алтын жауған күн- Редакция үйі Ақкетікте Киров көшесінде болатын. Теңізге жол ашатын болып, редакция үйін құлатып тастады. Атақты түрікмен байының керемет үйі болатын. Бұрын горсовет болған, Баутинге қарай баратын жолдағы бұрынғы наубайханаға бұрылатын бұрыштағы үй еді. Редакция сол үйге толық сиып отырды. Баспамыз жанымызда болатын. Барлығы түп түгел осы үйде орналасқан. Ұмытпасам, баспада Сүйеуова Сәния, Мырзағұл деген азаматымыз және бір-екі қыз жұмыс жасады. Әріпті қолдан салып, «А» қайсы, «Б» қай жерде жатыр, араласып жатқан әріптер ішінен қолдары шапшаң қимылдап, тез тауып, баспаға дайындайтын. Тіпті, қарамай жасайтын, әбден үйреніп қалған ғой. Тез әрі сауатты шығарады. Бір қате кетпейді сол кезде. Екі қыз корректор болды. Бір әріп түсіп қалса, әлгі жұмысты басынан бастайды. Сондықтан қайта жасамас үшін жауапкершілік мықты. Әріп кассасы, әр әріпті қойып отыратын қолқаптары болады. Темір әріптерді әр көлемде салып тақырыптың, мақаланың өлшеміне келтіріп қоятын. Оны әрі тегіс етіп салып отырады. Сол әріптер мен касса, баспа бәрі Маңғыстау ауданына беріліп, «Жаңа өмірдің» мұрағатында бар болуы керек. Машинисткіміз Ашхабадттан бітіріп келген полиграфист, қағазды қолмен тегістейді. Тегістеген кезде қарап тұрсақ, пышақпен кескендей түзеу шығатын. Газетті бір күн бұрын кешкі сағат бестен қалдырмай поштаға тапсырамыз. Ертеңгі таңертеңгі газетті поштаға апарамыз. Ол кезде аудандық газет ең алдымен оқылады. Газеттің қызып тұрған кезі, ал оның барлық қызметкерлеріне деген құрмет бөлек болатын. Сын мақала шықса Бюрода қаралады. Жоғарыдан бірден қатаң тапсырма беріліп, әлгі мәселе шешілу үшін бәрі жұмыс жасайды. Сондықтан жұмыстың кем-кетігі газеттің сынымен түзелетін. Осы тұста газет жұмысын жасау маған да бұйырыпты. Алдымен екі бет болып шығып, кейін газет төрт бетпен басылды. Бет көбейген тұста бөлімдерді көбейтті. Өндіріс, ауылшаруашылық, мәдениет бөлімдері ашылды. Сол салада қызмет ететін мамандар сол бөлімдердің жұмысын насихаттап, сынын жүргізді. Хаттар бөлімі қосылып, оқырманмен кері байланыс орнай бастады. Молдабек Сисенбаев, Орлыбай Барашев сынды азаматтар өздері жауапты газеттегі бөлімдерін жүргізді. Мерген Шахшаев деген арамызда оқымаған мықты журналист болды. Оның отты фельетондары сынның өткір пышағындай еді. «Мәпеш сылқым, білмейді істің құлқын» деп тағы бір басшыны сынағандары есімде қалыпты. Трест құрылған кездерде менің де фельетондарым шықты. Кәсіподақ жөнінде сериялық материалдар дайындадық. «Тұрманның тізімі, шаханың шатпағындай» деген фельетон шығып, кәсіподағын жұмыстан босатты. Фототілші Маңғыстау ауданымен ортақ болды, сирек келетін. Талап қатты, тәртіп қатаң уақыт. Бізге көп нәрсе үйретпесе де, біз сол тәртіптен кем болған жоқпыз. Мен қызмет ауыстырғаннан жыл жарым уақыт шығып тұрып, жабылды. Ибаш Жанболатованың ерлігі еді, Райком жігіттерін сұраған жағына жіберу бұйырығын беріп, мен сол Форт-Шевченконың құлдыраған тұстарында Өзенге қоныс аудардым. Жаңа ашылған жаңа қаланың жаңалығы көп еді әрі туыстарым да осы жерде болатын. Содан бері Өзеннің басындамын. Сол кездерде газетте қызмет еткендерден көзі тірі адам қалмады білем. Ақтауда газеттің есепшісі болған Оңайбай Табылдиев деген кісі болуы керек. Марқұм Мұстахи Бимағамбетов редакторымыз болды. Ол жақсы талапкер болатын. Оралдан сырттай білім алған әдебиетші ғой негізі. Ақындығы да болатын. Бір күні ол кісіні басшылық шақырып алып, қолына басқа бір газетті ұстата салады. Бір қарағанда мазмұны тым сайлы, кәдімгі газет бетіндегі материалдар. Қарасақ, мақаладағы әр сөйлемнің басқы әріптерінен қате кетіп, басшыға боқтық сөз айтқан мақала басылған. Бұл Краснадардың газеті болуы керек. Газет тарап кеткен, ЦК-ға жетіп, содан үлкен айқай болады ғой. Соны біздің редакторға да сақтық үшін көрсеткен түрі. Жәйсыздық қайталанбауы үшін бірінші секретарь М.Халелов ескерту бергені. Өте талапшыл, түрі де сұсты суық келген сауатты адам еді. Білімді, ол трибунада сөз алған уақытта құлақ тұнатын. Қаланы қала етіп өзгерте білген мықты басшы болатын. Ал Ибаш Жанболатова басшылығы тұсында есімде қалғаны аппаратты жергілікті басшылардан ұйымдастырып, алпысыншы жылдары жергілікті азаматтарды жұмысқа тартты. Менде сол бюродан беки алмай жүргенде апайдың ықпалымен келіп қалдық, - деп еске алады редакцияда жасаған кезеңдерін.
Ұлағатты ұстаз мектептің қайнаған тірлігінен тынбаса да, журналистік жазбадан қол үзбеген. Жәңгірхан Ысмағұлұлы «Болашағы бүгіннен зор», «Мен Фортта туып өскенмін», «Ибаш Жанболатова» туралы көптеген мақалалар жазып жарыққа шығарған. Еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасының оқу ағарту жүйесінің үздігі», Еңбек ардагері, Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы», көптеген медальдар мен грамоталар, марапаттар иесі атанады. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген Жәңгірхан Смағұлов бүгінде бейнетті өткен балалық шағына шағым айтпастан елеулі еңбегінің зейнетті жасын жасап отыр. Елге сыйлы, ешкімге еткен еңбегін еселеп қайыруды сұрамайтын, болмағанға бұлданбайтын, болғанын пұлдамайтын қарапайым ғана зейнеткер бүгінде сексеннің сеңгірінен асыпты. Шәкірт тәрбиелеп, мықты мамандарды қатарға қосты. Басшылықты да бағындырды, елдің жоғын жоқтаған, жаңалық жаршысы журналист те болып қызмет атқарды. Бар қызметінен бұрын абырой биігінен аласарған жоқ. Біз орала беретін тақырып кейіпкері болып қала бермек.
Милана ЕЛЕУСІНОВА