Көркемөнердің көрмесі
Жастарды өнерге баулудан жалықпай жүрген Құлшар атындағы өнер мектебі шәкірттері қолдарымен жасалған көркемөнер туындыларын жұртшылық назарына ұсынып, тамашалатты.
Көрмеге жүннен, матадан, ағаштан, қағаздан, ермек саздан, гипстен жасалған қолөнер және тоқыма бұйымдары мен мың бояулы картиналар қойылды. Әртүрлі жанрдағы өнер туындыларының бәрі де ұлттық нақыштарымен, көркемдігімен көз тартып тұрды.
Акциялар аясында
Наурыз мейрамында маңызды акциялар ұйымдастырып, қайырымдылық жасау қалыс қалған жоқ. Атап айтқанда, Бейнеу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжановтың бастамасымен басталған «Жомарт жүрек - Асар» акциясы шеңберінде қайырымдылық дастарханын жайып, мүжәлсіз жандар мен қарттарға наурыз көжеден дәм татырды.
Сондай-ақ Сам ауылында да акция аясында қайырымдылық жасалды.
- Наурыз мерекесі қарсаңында ауылымыздағы 2 отбасыға азық-түлікпен қайырымдылық көмек көрсетілді, дейді ауыл әкімі Н.Әлімбаев.
«Бейнеу-Мейірім» қайырымдылық тобы емделуге қаржылай көмекті қажет етіп отырған ауру балаларға жәрдем ретінде қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Бейнеу ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» акциясын ұйымдастырып, «Өз бетіңше қызмет ал» жүйесіне байланысты ақпарат беріп, насихат жүргізді.
Әли Балта палуанның құрметіне
Бейнеу ауданында Наурыз мерекесі күні орталық стадионға «Әли Балта палуан атындағы стадион» деп жазылған маңдайшаны өз күштерімен орнатқан Әли атаның ұрпақтары атақты палуанның құрметіне күрестен жарыс ұйымдастырды. Күресте «атан жілік, бура сан» бірнеше палуан боз кілемнің үстінде арыстанша алысып, жолбарысша шабысып, күш сынасты. Әртүрлі салмақ дәрежесінде белдескен палуандардың әдіс-шеберлігі мен күші басым түскендері жеңіске жетті. Жеңімпаздарға Әли атаның ұрпақтарының демеушілігімен кубоктар беріліп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл рухани жаңғыру аясында жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетін игі бастама болды.
Кәрісбай ӘДІЛ