Бейнеу ауданындағы Абыл мәдениет үйінде ақын Домбаяқ Ахметжан Хадисұлының 60 жас мерейтойына арналған «Қырда тудым, құмда өстім, далалықпын!» атты мерекелік шара өткізілді. Бұл шараны мұражаймен бірлесе Абыл мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырды. Шараға ақынның облыстағы әріптестері, аудан әкімшілігі және тумаластары келді. Кешті ақын Сәрсен Қадір жүргізді. Кештің басында ақын өмірінен бейнебаян көрсетілді, марапаттары айтылып өтті. Ақынның өзін сахна төріне шығарып, құрмет көрсетіліп, сөз берілді. Ақынға арнап ақын Айнахан Есет, Сәрсен Қадір арнауларын оқыды.
Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Үміт Әділқызы аудан әкімі Әбілов Бейнеубек Көңілімқосұлының атынан берілген Алғыс хатты оқыды. Кеш Манар Ізімбергенова және Ғалымжан Ізбасаровтың орындауындағы "Маңғыстау" әнімен ашылды. Сонымен қатар Абыл атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған "Көркемсөз оқу" үйірмесінің бүлдіршіндері ақын өлеңдерінен топтама оқыды. Термеші Бауыржан Айдаров кешке жыр сыйлады. Жадыра Кадешова және Айсұлу Әнесованың орындауында "Желкілдек" әні шырқалды. Халықтық атағы бар "Домбырашылар ансамблі" күй тартып, "Сәуірбаевтар" ансамблі "Аққу арман" әнін орындады. Аудандық Бейнеу мұражайының директоры Ғабит Жұмаханов ұжымның атынан кеш иесіне сыйлық табыстады. Кешті ауданымызға белгілі әнші Дәулет Сәуірбаев "Сәйгүлік" әнімен аяқтады. Ақынның кеші өз мәресіне жетіп, жиналған халық көтеріңкі көңіл күйде тарады.
Рабиға АҚШАУОВА, Бейнеу мәдениет МКҚК–ның қызметкері
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Серағаңның «Дара жолы»