Дәулет ауылында орналасқан №3 арнайы жалпы білім беру мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Түгелбаеваның ұйымдастыруымен Маңғыстаудың киелі топырағынан нәр алған ақын, сазгер, балаларға арналған бірнеше кітап авторы Көмек Ыбырайұлымен «Туған жердің түлегі, ұрпақ деп соққан жүрегі» тақырыбында кездесу өтті.
Шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Мақсаты – білім алушыларға ақынның туған жер, шынайы патриотизм тақырыптарындағы өлеңдерін насихаттау, Отанға, елге деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру.
Кездесу барысында оқушылар ақынның бірнеше өлеңін нақышына келтіріп мәнерлеп оқыды. Әндерін ән-саз пәнінің мұғалімі Сәуле Өтегенова, еңбек пәнінің мұғалімі Гүлжанат Тұрмағамбетова, 6-сынып оқушысы Айдос Ашур құйқылжыта орындады. Ақын, сазгер ағамыздың өмір жолы мен шығармашылығы жөніндегі деректерді оқушылар өз аузынан естіп, ағамызға өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, интерактивті тақтадан елімізге танымал әншілердің орындауындағы шығармаларын тыңдады.
Мектеп директоры Ардақ Өтешқызы жүрегі – жыр, пейілі – поэзия деп соққан ақын ағаға өз алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Кеш өте әсерлі өтті.
Ж.КАНИЕВА, әлеуметтік педагог