Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында «Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің бастауымен «Ел болам десең, бесігіңді түзе» атты ақпараттық-тағылымдық кездесу Жетібай ауылының №4 орта мектебінде ұйымдастырылды. Жиынға «Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты С.Жақаева, «Үміт бер» қорының атқарушы директоры А.Таласбаева, психолог М.Таукенова, аудандық білім бөлімі басшысы К.Байбосинова, Жетібай ауылының әкімі Қ.Асанов, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі А.Көшев, Жетібай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тұражанов, Жетібай ауылы мешітінің бас имамы И.Маханов, Қарақия ауданы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Г.Бекбауова, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы М.Дауылбаева, Жетібай бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы А.Қилыбаевалар қатысты.
- «Қазір жігіттен рух, қыздан иба, үлкеннен сұс кетті. Қазақ баласының көзі көріп, құлағы естімеген жезөкшелік, мектеп жасында жүкті болу, бала тастау, баласын өлтіру немесе сату сияқты жағдайларға қазір ешкім таңқалмайтын болып барады. Бұл – қасірет және ұлтқа төнген қауіп», - деді жиынның модераторы А.Таласбаева. Жиын барысында Жетібай ауылы мешітінің бас имамы И.Маханов ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, жүрек тазалығы жөнінде сөз қозғап, салиқалы әңгіме өрбітті. Жастар қолданып жүрген әлеуметтік желілердің кейбір жақтары тәрбиеге кері әсерін тигізетіндігін баяндаған психолог М.Таукенова әлеуметтік желіге тәуелділік мәселелерін қозғады. Жетібай ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Тұражанов:
«Жетібай ауылына 420 орындық қосымша мектептің сметалық-құжаттамалық жобасы дайын, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін білім ошағының құрылысын іске асырсаңыздар», - деген ұсынысын айтса, Жетібай ауылының әкімі Қ.Асанов мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы салынуы керегін айтты. Сонымен қатар қыз тәрбиесінің нәзікте терең тұстарын тілге тиек етті. Ақпараттық жиында аудандық білім бөлімі басшысы К.Байбосинова қыздар тәрбиесі мен тәртібі, қоғамда орын алып отырған келеңсіздікке қатысты маңызды пікірлер айтып, «Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, облыстық мәслихаттың депу- таты С.Жақаева алғысын білдірді. Жиын соңында Р.Мұхамедияр мен Ә.Манас сынды оқушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға пайымды жауаптар қайтарылды. Ел қалаулысы С.Жақаева айтылған ұсыныстарды тиісті орындарға жеткізіп, орындалу жолын қарастыратынын жеткізді.
«Әйел - бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей, – есігіміз толық түзелмейді», - деп Елбасымыз айтқандай, қыз тәрбиесіне қазірден бастап назар аударайық, ағайын!
Фариза ХАЙДАРОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ерікті қоныс аудару бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді