Өзінің он жылдығын тойлағалы отырған жас ауданның мерейтой жылына жоспарланған жағымды жаңалықтардың бірі - Амал мерекесін алғаш рет кең ауқымда атап өту болатын. Бұл бастама биыл Басқұдық ауылынан басталды.
Ауыл әкімдігі, мектеп, балабақша, спорт нысаны, өзге де әлеуметтік ғимараттар шоғырланған ауыл орталығына ағаш үйлер тігіліп, сахна жасалды. Аудан тұрғындарды қонақ қылды. Ауылдан ауылға ат арылтып келген ағайын төс қағыстырып, қол алысып, дастарқаннан дәм татты, ақтан ауыз тиді. Баршаға тілеп амандық, болмасын деп жамандық, бір-бірлеріне игі сөздерін айтып, мәре-сәре болды. Жеті ауылдан жиылған жұртпен көрісуге билік басындағылар, ел азаматтары да келіп, ақ тілектерін төгілтті. Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев, аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назар, қоғамдық Кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Табылды Әміров, ауыл басшысы Нуфтулла Қаржаубаев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Аудан әкімі мен ақсақалдар ағаш отырғызды, бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақан теуіп, жастар жағы түрлі спорттық сайыстарға қатысты. Өнерпаздар би билеп, әуәнді ән орындап, мерекенің сәніне сән қосты.
Шахида Жұман