Аптаның сейсенбі, сәрсенбі күндері Маңғыстау ауылдық «Миғраж» мешітінде құрылған «Үммет жастары» атты жастар ұйымын көпшілікке үлгі ретінде таныстыру, олардың жасаған жұмыстары туралы мәлімет беріп және осындай жастар ұйымын өзге де мешіттерде құру мақсатында «Ар-Рахман» мешітінде кездесу өтті. Жиынға аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Ноғаева, Атамекен ауылдық округінің әкімі М.Қалжанов, «Ар-рахман» орталық мешітінің бас имамы А.Муталиев, Жастар ресурстық орталығының директоры Г.Себепбаева, «Үммет жастары» тобының негізін қалаушы Р.Баймұханов пен жетекшісі Мұрат Абулханов және ауыл жастары мен мешіт шәкірттері қатысты. Кездесуді жүргізген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сара Ноғайқызы жастарға әрбір адамның жүрегінде иман болу керектігін, иманы бар адам ізгі амал жасауға асық болатынын айтып, осындай топтардың құрылып, жақсылықтың жаршысы болып жүргені аудан үшін үлкен мәртебе екенін айтты. «Үммет жастары» тобының жұмыстарымен таныс екенін және осы жалынды жастармен бірге қоғамдық шараларға да мойын бұрып, қоғамда өз орындарын қалыптастыруларына тілектестік білдірді. Маңғыстау ауылдық «Миғраж» мешітінің бас имамы Р.Сағынтайұлы «Үммет жастары» ұйымын құрудағы мақсатын айтып, құрылу тарихы мен атқарылған жұмыстары жөнінде тоқталып өтсе, топтың жетекшісі Мұрат Абулханов топтың мақсаты мен алдағы жоспарлары жайында сөз қозғады. Атамекен ауылдық округінің әкімі Махмут Қалжанов «Үммет жастары» тобының жұмыстарына сәттілік тілеп, ауылда өткен спорттық шараларға қатысуға шақырды. Ал, аудандық жастар орталығының директоры Г.Себепбаева бұл кездесу аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес өткізіліп отырғанын тілге тиек етіп, Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында өтетін шараға атсалысуға шақырды. «Ар-рахман» орталық мешітінің бас имамы А.Муталиев қайырымдылық шаралары орталық мешітте де өтіп тұратынын және «Үммет жастары» тобынан үлгі алып, «Ізгі амал» атты қорын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Халыққа қызмет ету басты міндеттері екенін айтып, ел игілігі жолында жасалатын игі істерге қолынан келгенше аянып қалмайтынын жеткізді. Кездесу Баянды ауылдық және Қызылтөбе ауылдық мешіттерінде жалғасын тапты.
Гүлнар БЕКҚАЛИҚЫЗЫ