Астанада оқып жүр
[ 2017 ] 5 шілде, 05:29 | Аудан тынысы
Еліміздің жүрегі ерке Есілдің бойындағы еңселі Елордамызға бару көп адамның арманы, ал Елордада білім алу мектеп бітірген әрбір жастың қалауы десек қателеспейміз. Астананың ауасымен тыныстап, көркем де көрікті көшелерін күнде көріп жүрген маңғыстаулық бақытты жасттың бірі Баулы Меруерт Мұратқызы.
Меруерт Шетпе гимназиясының түлегі. Мектеп қабырғасынан алғырлығымен ұстаздарының көзіне түскен ол түрлі білім сайыстарының биігін бағындыра білді. Сегізінші сыныптан бастап ғылыми жобалармен айналыса бастаған жас ғалымның «Маңғыстау өлкесіндегі дәрілік өсімдіктер және олардың емдік қасиеттері» еңбегі 2012 жылы кітапша болып шықты. Ғылыми конференциялардың халықаралық дәрежедегі жеңімпазы атанған Меруерт бүгінде Астана медицина университетінің үздік те үлгілі студенті. Университет қабырғасында да түрлі қоғамдық мәдени шаралардың бел ортасында жүретін Меруерттің арманы білікті, білімді дәрігер болу, ақ халатты абзал жан деген атаққа лайық маман болу.
Қарапайым да биязы кейіпкерімнің бойында қазақ қыздарына тән ұяңдық пен ибалылық қатар ұялаған, бір көрген адамына ашылып сөйлесіп кетпегінімен сұхбаттассаң жаста болса айтары бар екенін ұғынасың. Тән саулығы мен жан саулығы турасындағы сауалдарыңа таңғаларлықтай етіп жауап беретін болашақ жас маман алдына барған науқасты дәрімен ғана емес ибалылық нәрімен де емдейтін дәрігер болатынына сенім мол.
«Астана - бөлек бір әлем! Ол қазақ балалары - біз үшін, біздің болашағымыздың, біздің келешегіміздің іргесі қаланатын нағыз арман қала! Бүгінгі күні – талантты, жігерлі өзіне Сенетін арманға бай және оларды жүзеге асыруға ерік-жігері бар жастарға мемлекетіміз жағдай жасап отыр. Еліміздің ертеңгі болашағы біздер. Сондықтан әр азамат халқымыздың, еліміздің, жеріміздің өркендеп - өсуіне зор үлесін қосуға ат салысуымыз керек. Мен осы қалада білім алып, өмір сүріп жатқаныма қуанамын. осы бейбіт күнге жеткізген ата бабаларымызга , Елбасымызга мың алғыс. Және қандай да жаңа белестерге шығар, асуларды бағындырар сәтте қолдау көрсетіп демеу беретін - Анама раxмет!» - деген жасқа арманыңа жет айналайын демекпіз!
Лаура АШЫҚБАЙ
930
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.