Кеше 1 шілде күні Елбасы «Өңірлердің Астанаға тартуы» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы қайта жөндеуден өткізген қалалық Достық үйін аралап көріп, елорданың этномәдени орталықтарының өкілдерімен және Маңғыстау облысының көрнекті қоғам қайраткерлерімен әңгімелесті, - деп хабарлады Ақорда сайты.
– Еліміздің барлық өңірінде Достық үйлері бар. Онда облыстардың этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Енді бас қаланың да Достық үйі болады. Сіздерді осы айтулы оқиғамен құттықтаймын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 28 сəуір күні Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Маңғыстау өңірінің Достық үйін сыйға тартатыны айтылған болатын.
Достық үйінің эскиздік жобасын Президентке Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов таныстырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, үш қабатты Достық үйінің бірінші қабатында көрме залы, акт залы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының бөлмелері бар. Екінші қабатта конференц-зал, мұражай, этномәдени бірлестіктердің бөлмелері орналасқан. Хореографиялық зал, вокалдық студия, асхана, қызметкерлер бөлмесі астыңғы қабатта орналасқан. Қонақтар және қызметкерлер үшін автотұрақ та қарастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 4 мың шаршы метр. Достық үйінің жан-жағы абаттандырылып, көгалдандырылған. Ғимарат Астана қаласындағы Алматы ауданы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 24 үйде орналасқан. Жобаның іске асырушысы - «Достық-Қазақстан» қоғамдық қоры.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет Ақорда сайтынан
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57182,57181,57180"]