Бейнеу гимназиясында көптен бері бірнеше үйірмелер жұмыс жасайды. «Жас эколог», «Шебер қолдар», «Көркем өнерпаз», «Спорттық секциялары» ұдайы оқушылармен байланысын үзген емес.
Соның ішінде «Жас өлкетанушылар» үйірмесінің мүшелері – 7 сынып оқушыларынан құрылған. «Рухани жаңғыру» және «Туған жер» бағдарламасының аясында жасақталған жұмыс жоспары бойынша осы уақыт ішінде туған өлкеміздің бірнеше ірі мекемелеріне саяхат жасадық. Саяхат барысында «Бейнеу астық терминалының» және «Бейнеу су сервис» КММ-нің жұмыс барысымен таныстық.
Жалпы Бейнеу астық терминалы 138 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 80 пайызы жергілікті тұрғындар болса, 20 пайызы басқа облыстан келген адамдар. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жұмысшыларға арнап жатақхана және спортзал бой көтерген. 2010 жылы іске қосылған терминалдың жүк айналымы -жылына 2 млн тонна. Дайын өнім Атырау, Маңғыстау облыстарына сатылып, көршілес Әзірбайжан, Иран, Ауғанстан және Өзбекстан елдеріне экспортталады. Терминал толық автоматтандырылған. Өндіріс орнында жалпы саны 10 бин орналасқан. Әр бинге 130 вагон астық кетеді. Мұнда жылына 90 мың тонна ұн, 30 мың тонна жем өндіріледі. Дайын болған өнім Көкшетау мен Астанадан шыққан қапшықтарға салынады. Астық тасымалдаушы вагондардың жетіспеушілігіне байланысты қазіргі таңда зауыт өз жұмысын тоқтатқан. Саяхатымыздың екінші тармағы Бейнеудің басты көрікті жері- Жастар саябағы болды. Онда қазақстандықтардың бірлігі мен қонақжайлылығының символына айналған қос аққу мен алты қанатты киіз үй секілді сәулет ескерткіштері орнатылған. Киіз үй маңында керуен жолдарын басып өткен түйелер, бие мен құлыны, құдықтар және «Мен Бейнеуді жақсы көремін» стенді орналасқан. Жастар саябағының жастарды рухтандыратыны сөзсіз.
Тағы оқыңыздар: Айналаңа пайдаңды тигізсең — шынайы өмір сүре білгеніңСоңғы сапарымыз «Бейнеу су сервис» КММ болды. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016 жылдың желтоқсан айында бой көтерген жоба құны -5 млрд теңге шамасында. Станция толығымен автоматтандырылған. Мұндағы заманауи құрал- жабдықтың 70 пайызы Қазақстанда, қалғаны Оңтүстік Корея мен Германияда жасалған. Станцияда барлығы 5 қазандық орнатылған. 4-еуі 10 мың м3, 1-еуі 5 мың м3.
Қазір станцияда 2 қазандық жұмыс жасауда. Су бірден пайдалануға берілместен бұрын бірнеше рет сүзгілеуден өткізіледі. Фильтрлер орналасқан аймақ «санитарлық зона» деп аталады. Бір қызығы кәдімгі ас тұзынан хлор өндіріледі екен. Ас тұзынан хлор жасап, автоматты түрде суға қосады. Автоматтар суға қажетті хлор мөлшерін таңдап, араластырады. Содан кейін суды тағы бір тексерістен өткізіп, суды лабораторияға жібереді. Лаборатория мамандары су құрамының таза екендігін растаса, су аудан халқына пайдалануға беріледі.
- Бес участоктің 3–еуі іске қосылды. Қарамағымызда 15 адам жұмыс жасайды. Жұмысшыларды биыл Астанадан келген мамандар арнайы курстардан өткізді, - дейді бізді жылы жүзбен қарсы алып, өндіріс орнын толықтай таныстырып берген «Бейнеу су сервис» КММ директор міндетін атқарушы Тарғынов Қашқынбай ағай. Елін сүйе білетін, болашақ ұрпаққа сенім арта білген туған еліміздің азаматы Тарғынов Қашқынбай ағамызға алғысымыз шексіз.
Біз «Жас өлкетанушылар» ұйымының мүшелері, осындай саяхат жасауға демеушілік жасаған ата-ана - Шүйішов Сансызбай ағайға, мектебіміздің директоры Досов Болат ағайға және аяулы ұстаздарымыз Марал Бекібай мен Сырға Нажетова апайларға алғысымызды білдіреміз.
Ұлар ЕСІМХАН,
«Бейнеу гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекеменің
7 сынып оқушысы