20 қараша күні арнайы іссапармен келген «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед "Абай" мәдениет кешенінде Маңғыстаудың бір топ жастарымен кездесті.
Кездесуге Ш.Есенов атындағы КМТИУ және МГТУ студенттері, сондай-ақ қаладағы колледж студенттері жиналды.
«Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Әсет Нұров аймақтағы «Жасотандықтардың» атқарған жұмыстары туралы баяндай келіп, жастар ұйымының тарапынан бірқатар ұсыныстарын айтып өтті.
- Бұған дейін 29 жасқа дейінгі азаматтарға жас отбасы категориясы бойынша пәтер алу мүмкіндігі қарастырылып келді, кейін бұл бағдарлама тоқтап қалды. Осы жеңілдік қайта енгізілсе, пәтер жалдап жүрген замандастарымызға үлкен көмек болар еді. Сондай-ақ, жаһандану дәуірінде жастардың рухани әлсіреп бара жатқаны белгілі. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдарда «Жастар ауылы» деген орта құрылып, онда қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындар мен ұлттық нақыштағы бұйымдарымыз насихатталса, оның бәріне жастар атсалысса деген ұсыныс айтқымыз келеді, - деді Әсет Нұров.
Кеш барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед жастарға:
- Мен Маңғыстауға бірінші рет келіп отырған жоқпын. Осыдан 20 жыл бұрын Әбіш Кекілбаев ағамызбен бірге «Маңғыстау» энциклопедиясының тұсауын кескен болатынбыз. Шахмардан Есенов ағаларыңызбен де ғалым, ұстаз ретінде де бірнеше рет кездесіп, сырлас болдық, ағалы-інілі қарым-қатынасымыз жақсы болған еді. Киелі Маңғыстау деп тектен-текке айтылмаса керек.
Келер жылы Астанада «Жас Отан» жастар қанатының съезін өткіземіз. Сол кезде еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты жастармен кездесу өткізіп, жастардың талап-тілектері, ұсыныстары айтылатын болады.
Кешегі Кеңес заманында партияға жұмысшы жастарды қабылдайтын, қазір - білім заманы. Алдағы 10-15 жылдың ішінде қазіргі қолданыста жүрген көптеген мамандықтар жоғалып кету қаупі бар. Себебі олардың орнын жаңа технологиялар алмастырады. Ғылым мен білімнің дамуы нәтижесінде заман тез дамып жатыр. Сондықтан сіздер бәсекеге қабілетті болуларыңыз керек. Ол дегеніміз – Қазақстанның өзінде, ішінде емес, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болу қажет, - деді.
Кеш соңында Мұхтар Абрарұлы әртүрлі салада еңбек етіп жүрген, жаңадан «НұрОтан» партиясының қатарына енген 12 жас буын өкіліне салтанатты түрде партия билеттерін табыстады.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42575,42577,42578,42579,42587,42589,42590,42591,42592,42593,42594,42572"]