Бұл туралы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Бақытжанұлы Ахметов мәлімдеді.
- Колледж деңгейіндегі мамандықтардың маңыздылығын ескере отыра, біз 16 қараша күні ғылыми кеңес өткізіп, Есенов колледжін қайта ашу туралы шешім қабылдадық. Колледжде IT саласының мамандарын даярлау басты басымдықтың бірі болмақ, - деді Берік Бақытжанұлы.
Айта кетейік, 20 қараша күні «НұрОтан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед студенттермен кездесу барысында ректорға сауал қойған болатын.
- Бір Ақтау политехникалық колледжінің өзінде 2700 студент оқиды. Олар да - белгілі бір мамандықты меңгерген жас мамандар. Арнаулы орта оқу орындарын (колледж) бітірген студенттерге қандай жеңілдік жасалады? Сіздің университетіңізде мұндай мүмкіндік қарастырылған ба? – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Ректордың айтуынша, колледж бітірген студенттер өз мамандығы бойынша қысқартылған бағдарламаға, яғни 2-курстан қабылдана алады. Бұл - барлық республикадағы жоғары оқу орындарында бар заңдылық.
Мұхтар Абрарұлы қазіргі таңда білім жүйесіндегі жаңа реформаға сәйкес университеттерге еркіндік берілу керектігін айтты. Оның айтуынша, жоғары оқу орны колледж түлектеріне байланысты жақсы жеңілдіктер қарастыруы тиіс. «Батыстың бізден бір ерекшелігі, университеттері – өз алдына бір әлем: жеке есепшоты, жеке қайырымдылық қоры, өзіндік заңдары бар. Кез келген университет аса маңызды қажет мамандықтар үшін тиімді оқу үлгісін ұсынуы қажет», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстауда 26 арнаулы орта оқу орны бар. Оның ішінде 15 колледж - мемлекеттік, қалған 11-і жеке меншікке жатады.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант Құсайын