Тегінде ата-әжелеріміз ер бала дүние есігін ашқаннан-ақ отбасы алдындағы, Отан алдындағы борышын сезінуге тәрбиелейтінін естіп, көріп біліп жүрміз. Бесіктен бастап «сен - отбасыңның тірегісің, сен - еліңнің қорғанысың» деген тәрбиемен өскен жігіттің бойынан қамқорлық сезімі есіп тұрады.
Еліміздің тарихына көз жүгіртсек жаугершілік заманда елін жерін жаудан қорғаған, білектің күшімен, найзаның ұшымен күрескен ата-бабамыздың ерлігі - бізге мұра. Міне, осындай ержүрек бабаларымызыздың ұрпағына аманат еткен кең байтақ қазақ жерін келешек ұрпаққа тапсыру - біздің мұратымыз.
Өтес орта мектебінің түлегі, Жаңаөзен қаласындағы мұнай және газ колледжінің студенті болған Арнас Омарбаев - Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келген азамат. Жастық жігері мен патриоттық сезімі бойын кернеген Арнас әскерге өзі сұранып кеткен. Қазіргі жастардың ортасында белең алып отырған мәселелердің бірі әскерге бармауға сан түрлі сылтау іздеу болса, Арнастың іс әрекеті нағыз ер азаматтың әрекеті дер едік.
Атырау қаласындағы 26/10 әскери бөлімшесінде шекара қызметінде борышын өтеген ол бастан кешкен қызықтары көп екенін жасыра алмады. Әлем бойынша жер көлемі жөнінен тоғызыншы орын алатын еліміздің шекарасын күзету оңай шаруа емес. Сонда да біздің шекарашылар міндетін абыроймен атқаруда. Солардың бірі болған Арнас әскер қатарында өткен күндерін сағына еске алады. Қандай жағдай болмасын босаңсуға, қалт кетуге рұқсат етілмейтін қызметтің қызығы мен қиындығын айтқанда оның жүзі бал-бұл жанып тұрды.
«Әуелі Маңғыстаудан 41 жігіт барып, жан-жаққа бөлініп кеттік. Үш ай мерзімде әскери тәртіпті, құрал-жабдықтарды қалай пайдалану керектігін, автоматтарды шашып-жинау, тағы да басқа ережелерге баулыды. Кейін Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған 33 жауынгер болып шекара шебін күзеттік. Ол жақта өткен әр күнім - ыстық, әскери тәртіп есейтті, жақсы мен жаманды айыруды үйретті, Отан алдындағы жауапкершілігімді нығайтты. Өз еркіммен әскерге аттанғаныма еш өкінбеймін, қайта замандастарымды әскерге баруға шақырамын. Бұрынғыдай емес, бір жылда борышыңды өтеп келесің. Әскери қызметті абыройлы міндет деп санаймын», - дейді жас жігіт. Қазір әскер десе сылтаулары дайын тұратын жігіттерімізге Арнастың ісі үлгі болса екен.
Бейбіт күннің бесігін тербеткен батырларымыз ел амандығын алдыңғы орынға қойса, болашағымызға иненің жасуындай қауіп-қатер жоқ. Еліміздің айбынды әскері, тыныштығын күзететін тегеурінді шекарашылары барда бұған толықтай сенуге болады. Бірлігі бекем, төрт құбыласы түгел еліміздің жауынгерлері бізді жауға басындырмайды.
Сан жылдар азаттықты аңсап, егемендікті тілеген ата-бабаларымыздың асқақ арманы – тәуелсіздікке қол жетті. Енді бабаларымыз жауға бермеген жерімізге иелік ету міндеті тұр. Ол үшін қасиетті қазақ жерін қорғау - зор мақтаныш. Елімізге қорған болған жауынгерлеріміздің білек күші берік, білімі жоғары, Отанға деген ыстық ықыласы молынан болғай. Сап түзеген сарбаздарымыз Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарып, елімізді бар күш-қайратымен қорғайды. Бұл - халықтың оларға артқан сенімі.
Айгүл РАХМЕТОВА