Елбасымыз тәуелсіздік алғалы еліміздің болашағы бәсекеге қабілетті, білімді де ізденімпаз жастардың қолында екенін айтып, соған орай көптеген игі шаралардың жүзеге асуына мұрындық болып келеді. Соның арқасында, көптеген жоғары, арнаулы оқу орындары ашылып, жастарымыз заман талабына сай білім алуда. Бірақ алда әлі де болса алар асулар мен межелер көп. Бұл жөнінде Президентіміз биылғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында да егжей-тегжейлі айтып, мақсатымызды белгілеп берді. Әсіресе, мақалада көп тілді меңгеруге зор көңіл бөлу қажеттігі баса айтылған.
Шынында да сәт сайын өзгеріп жатқан қазіргі заманда көп тіл білгеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Мұны соңғы кезде жастарымыз да мойындап, тіл білуге ұмтылуда. Әсіресе, мені өзге ұлт өкілдерінің балалары мен немерелерінің қазақ тілін үйренуіне ден қойып, жағдай жасауға талпынуы қуантады. Бұл олардың мемлекеттік тілді мойындағанын көрсетеді. Сонымен қатар, қазақ балаларының да орыс және басқа тілдерді үйренуге деген ықыласы артуда.
Ал, тіл үйренемін, басқа да пәндерді тереңдетіп оқимын деген оқушыларға 2006 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Алғыс Ақтау» кеңес білім беру орталығында барлық жағдай жасалған. «Өзгені жеңсең – мықтысың, өзіңді жеңсең құдіретсің» деген қағиданы ұстанған орталықтың мақсаты өзіне келген әрбір баланың білім алуға деген ынтасын оятып, болашағына дұрыс бағдар беру. Сөйтіп, ата-аналардың алғысына бөлену. Ата-аналар да бұрынғыдай мектептің, мұғалімнің мойнына асып қоймай баласының оқуына, тәрбиесіне мән беріп, атсалысуда. Баласының жаны қалаған пәндерді жетік меңгеурмен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренуіне, мамандықты дұрыс таңдауына зор көңіл бөлуде. Сонымен қатар, олар бала тәрбиесінде кездесетін түрлі мәселелерді шешуде біздің ақыл-кеңесімізге жүгінеді. Бұл олардың бала тәрбиесінде отбасының рөлін көтерудегі мемлекеттік саясатты түсінгенін, балаларының болашағына жауапты екендіктерін жете ұғынғанын аңғартады. Ал, біздер мемлекет пен ата-ананың арасын байланыстыратын дәнекер болудамыз.
Өз жұмысымызда кеңестік сабақ беру әдісі мен батыстық технологияны тиімді ұштастыруға тырысамыз. Бұл тәсіл жұмысымыздың сапалы болуына ықпал етуде. Сонымен қатар, ұстаздарымыздың үнемі білімдерін жетілдіріп отыруына жағдай жасаудамыз. Мәселен, ағылшын тілінің мамандары Малайзия, Англия, Испанияда, ал басқа пәндердің оқытуышылары еліміздегі белді оқу орындарында үнемі шеберліктерін шыңдайды. Орталықта балаларға қосымша білім беріп қана қоймаймыз. Сонымен қатар, оларды барлық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысуға дайындаймыз. Оларға балаларды тартқан кезде мен қаламызда талапты, талантты оқушылардың көптігін аңғардым. Осындай оқушыларымыз екі жыл қатарынан Алматыда жыл сайын өткізілетін халықаралық «Шексіз математика» олимпиадасына екі жыл қатарынан қатысып келеді. Сонымен қатар, Болгариядағы халықаралық ұйыммен де тығыз қарым-қатынастамыз. Түрлі білім додаларына қатысу балаларға ғылым мен білімнің ірі орталықтарымен, ғалымдармен, олардың жетістіктерімен танысуға мүмкіндік беріп, ғылымға деген қызығушылығын арттырады.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей оқушылардың терең білім алып, жоғары жетістікке жетуінде мұғалімдеріміздің қосқан үлесі зор. Барлығы да тәжірибелі, жоғары санатты, ең бастысы өз ісін жан-тәнімен жақсы көретін олар алдына келген әрбір оқушының оқуға деген ынатсын арттырып, бойындағы жылт еткен жақсы қасиетін жетілдіруге тырысады. Әсіресе, олардың арасында физика-математика ғылымының кандидаты Баймұханбет Дүйсенбаевты, орыс тілінің маманы Қанзира Құсайынованы, ағылшын тілінің оқытушысы Ұлмекен Ғабдулинаны, маметатика пәнінің мұғалімі Райс Ақбасованы ерекше атап айтуға болады.
Гүлшат МАДИБАЕВА,
«Алғыс Ақтау» кеңес білім беру орталығының директоры