©
Әрбір адам балалық пен мектептегі кезеңді артқа тастап, кәмелет жасына жеткен кезде өмірі мен тағдырына өзі жауапты екенін сезінеді. Сол кезден, бастап жеке индивидум ретінде қалыптасып, жауапкершілікті өз мойынына алады. Сөйтіп, «Өз тағдырың өз қолыңда» дегендей болашақ өміріңіз тікелей таңдауыңыз бен ұстанымыңызға, қойған мақсаттарыңыз бен жеткен белестеріңізге байланысты өрбиді. Адамның индивидум ретіндегі қалыптасқан өмірін үш кезеңге бөліп қарайды екен – жастық, кемелдік және кәрілік. Балалық шақта адам армандайды, мақсаттанады, зерттейді, ізденеді, қалыптасады. Ал, кәмелетке жеткен кезде қойған ұстанымдарына сай белестерді бағындыруға ұмтылады. Кәрілік шақ әркімнің өзіне-өзі “Мен қалай өмір сүрдім?” деп есеп беру кезеңі екен. Американдық зерттеу институттарының, сондай-ақ Корнель университінің профессоры Карл Пилемер тұрақты өткізіп жүрген сауалнамаларында кәрі жастағы адамдар арасында «Өмірде үлгермеген жұмыстарыңыз бен жіберген қателіктеріңіз» тақырыбындағы жауаптардың рейтінгінде «Өмірдің көп уақытын босқа жіберіппін», «Өзімнің сүйікті жұмысыммен айналыспаппын» және «Денсаулығыма дұрыс көңіл аудармаппын» деген жауаптар әрқашан да көшбасында екен. Есіңізде болсын, кәрілік кезеңге жетіп өз өміріңізге жауап іздегенде, босқа өткізген кездеріңізді мүлдем еске алмайсыз. Бүгінгі күнде босқа шашылып, әлеуметтік желілерде, уатсапта немесе фейсбукта босқа әңгіме таластырып, болар-болмас тақырыптарда сөз таластырғаныңыз немесе, көшелерде бұзақылық жасап, түнгі клубтарда шулап жүрген кездеріңіз уақыт өте бүкіл өміріңізге баға беретін немесе сәнін келтіретін жауап бола алмайды. Есесіне, білім, білімді тиімді пайдалану, шынайы махаббат, талпыныс, аңсаған армандарыңыз бен қойған мақсаттарыңызға жету үшін күрескен, ізденген, қол жеткізге жеңістеріңіз ғана тағдырыңыздың бағасын береді. Ертеңгі күні осылар туралы ғана ойланасыз екен, қалғанының бәрі мемуарыңызда «уақытты босқа өткізу» болып қала береді. Өмірді сезініп, осы сұрақтарға қазірден жауап іздей бастаған болсаңыз өзіңізді рухани жаңғыру жолындамын деп есептей беріңіз. Әрбір жастың жеке рухани жаңғыруы деген осы. Адамзатқа кез келген кәсіпті игеру үшін уақыт, үйрену, білімді игеру мен принципиалды ұстанымның болуы жеткілікті. Бірақ ешбір кездейсоқ таңдалған кәсіп ертең өмірде шынайы сүйген, ықыласы және фанаты болған кәсіппен айналысудың дәмін бермейді. Мүмкіндігі болса осы бастан өзіңізге тиімді шынайы кәсіпке бағытталуға кеңес беремін. Ал, сүйген кәсібіңізді басқаларға қарағанда ұтымды дамытуға сізге не көмектеседі? Әрине білім. Әрине ізденіс. Әрине таңдау. Ал бұлардың барлығы бірінші кезекте тіл арқылы келеді. Біріншіден, ана тіліңізді біліңіз. Бұл сіздің ұлттық ерекше рухани қасиетіңізді қалыптастырады, қоғамдық ортаңызды, жақын бауырларыңызды жүрекпен сезінуге ықпал етеді. Тарихыңызды, мәдениетіңізді, дәстүрлеріңізді білуге, сондай-ақ, оларды келешек ұрпаққа жеткізуге көмектеседі. Ана тіліңіз арқылы сіз өзіңіздің ұлттық санаңызды ғана емес, айналаңыз бен ортаңызды қоғам ретінде түсініп, ұлттың дамуына септігін тигізесіз. Екіншіден, ағылшын тілін біліңіз. Бұл тілді білу арқылы сіз көптеген елдерге шығуға, қажетті кітаптарды түпнұсқада оқуға, адамдармен, бизнес-модельдермен танысып зерттеуге және оларды өз тұрмысыңызға бейімдеуге мүмкіндік аласыз. Айналаңыздағыларға қарағанда сіздің глобалды ойлау мен мүмкіншіліктеріңізде артықшылығыңыз болады. Ағылшын тілін ұзақ мерзімге, емін-еркін деңгейде, TOEFL/IELTS меңгеруді уақыт көрсете жатар, бірақ, қарым қатынас үшін Pre-intermediate деңгейіңізді игеріп, практикалық пайдалана бастай бергеніңіз тиімдірек. Үшіншіден, орыс тілін біліңіз. Орыс тілін білу дегенді бір ғана Ресей еліне құлдық ұру ретінде қабылдамауыңыз тиіс. Өйткені, орыс тілін біле отырып, сіз орыс тілінде Беларусь, Украина, Кавказ және Балтика елдері, Орталық Азия елдерінің халықтарымен қарым-қатынас жасап, білімімен, бизнесімен танысасыз, осы елдерге саяхатқа шыққанда тілдік барьерден құтыласыз. Қажет деп санасаңыз басқа да тілдерді меңгеріңіз, тіл білген ешқашан өміріңізге кері әсерін тигізбейді. Кәсіби шеберлігіңіз үшін шет тілдердің орны шексіз. Ол бәсекелестік алаңын жан-жақты бақылап, бағалауға, мүмкіндіктеріңізді кеңейтіп, шетелдердің үлгілері мен модельдерін тікелей үйренуге, нарықта жылдам және үстемірек болуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ерекше кәсіби мүмкіндігіңізді шебер қолдануға, өзгеше ұсынуға жол ашады. Сонда ғана сіз қазіргі көпшілік жастар арасында қалыптасқан, арман деп саналатын (мысалы, мұнай саласында немесе көп айлығы бар жұмысқа тұру сияқты) ынталардың уақыт өте сіз үшін түкке тұрмайтын уақытша қызығушылық қана екенін түсінесіз. Себебі, бүгінгі әлем басқаша дамуда, бүгінгі заман іскерлікте инновацияны және глобалдылық жолымен дамуды маңызды ұстанымдар деп қабылдайды және осындай қабілетті өзіне сіңірген жастарға үлкен мүмкіндіктер ашып береді.Өмірбек ҚҰРБАНБАЕВ,
«Mediana.kz» ЖШС-нің техникалық директоры