Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында және Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жұмысшы мамандықтар арасында «Batysskills» аймақаралық чемпионаты басталды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын жастар арасында жұмысшы мамандығының кәсіби шеберлерін анықтау, қолдау көрсету, қоғамдағы беделін арттыру, қызығушылықты арттыру, өңірлер арасында тәжірибе алмасуды мақсат тұтқан байқауға батыс өңірлермен қатар Жамбыл облысы да қатысты.
Аймақаралық байқаудың ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің өкілдері, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Шығыс және Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстары білім басқармасының өкілдері, сарапшылар, аймақтағы мемлекеттік мекемелердің басшылары, мәслихат депутаттары, әлеуметтік әріптестер, ата-аналар, мектеп оқушылары қатысты.
– Құрметті, чемпионатқа қатысушылар! Ұстаздар, ата-аналар, қонақтар! Маңғыстауда елдік мерекелер қарсаңында алғаш рет өткізіліп отырған «Batysskills» аймақаралық чемпионатына қош келдіңіздер! Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында техникалық- кәсіптік білім берудің маңыздылығын ерекше атап, жастарды жұмысшы мамандығына баулуды тапсырды. «Batysskills» кәсіптік шеберлік байқауы – «Worldskills» Қазақстан байқауының жалғасы. Біздің жастарымыз соңғы жылдары республикалық, әлемдік деңгейде өткен бұл жарыста топ жарып, үздік атанды. Бұл байқауға жұмысшы мамандықтар бойынша 2015 жылы 2, 2016 жылы 14, 2017 жылы 25 бағыты бойынша қатысты. Осы көрсеткіш өңіріміздегі жастардың жұмысшы мамандыққа деген қызығушылығын көрсетеді. Биыл баршаға тегін техникалық кәсіптік білім беру жобасы аясында облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 1500-ден астам студент жұмысшы мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Еліміздегі әрбір төселген жол, салынған тұрғын үй – жұмысшылардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Жас достар, сіздер халықаралық деңгейдегі, бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие маман болатындықтарыңызға сенемін. Сіздер еліміздің дамуы жолында бар күш-жігеріңіз бен білімдеріңізді жұмсайсыз деген сенімдемін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді аймақ басшысының орынбасары Руслан Кенесарыұлы.
Салтанатты жиында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова чемпионат жұмысына сәттілік тіледі. Жастар артылған жауапкершілік пен сенімнің үдесінен көрінетініне сенімділік білдірді.
Жан-жақтан жиналған техникалық кәсіптік білім алып жүрген 80 студент 2 күн ішінде облыстағы өндірістік нысандарда, оқу орындарында, кәсіпорындарда, қонақүйлерде кәсіби шеберліктерін сарапқа салады. Мәселен, кірпіш қалау, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, дәнекерлеу технологиясы, аспаздық пен наубайхана ісі, электромонтаждық жұмыстар, киім үлгілеу, жеңіл автокөлікке қызмет көрсету, токарлық жұмыс сандық бағдарламалық басқармалары, IT желісін жүйелі басқару мамандықтары бойынша білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетеді.
Облыстық білім басқармасы техникалық кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жәния Сармурзинаның айтуынша, жұмысшы мамандықтарға қызығушылық туғызу мақсатында жарыс өтетін алаңдарға оқушылар да барып, көрермен болады.
Аймақаралық чемпионаттың ашылуында өңірдегі өнерпаз жастар әуелетіп ән салды, күмбірлетіп күй төкті. Салтанатты шарадан кейін жастар топ-топқа бөлініп, тәжірибелік алаңдарға бет алды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="43252,43249,43247,43246"]