6 қыркүйек күні Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев тұрғындармен тоқсандық кездесу өткізді. Жиынға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Жұмағазин мен мемлекеттік мекеме басшылары қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев тұрғындар алдында биылғы жылдың ІІІ тоқсанында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында есеп берді. Ауыл тұрғындарымен кездесуде жол мәселесі, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, спорт пен мәдениет саласындағы сұрақтар қозғалды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту және қоғамдық көлік мәселесі талқыланды.
Кездесуде тұрғындар сауалдарын жолдап, тиісті мамандардан жауап алды. Мәселен«Рауан» елді мекенінің тұрғыны Баян Үмбетова қоғамдық көлікті көбейтуді және жаңа тротуар салуды сұрады.
- 3500-ге жуық тұрғыны бар «Рауан» елді мекенінде қоғамдық көлік тек бір сағат сайын жүреді. Ол көбіне толы болады. Халық жұмысқа, балалар сабаққа кешігеді. Біздің елді мекенге жарты сағат сайын жүретін екі қоғамдық көлік беруіңізді сұраймын. Сонымен қатар бізде тротуар ескірген, соларды жаңарту керек. Көлік жүретін асфальттың бойында балалар самокат, велосипедпен жүреді. Бұл өте қауіпті, -деді Баян Үмбетова.
Тұрғынның бұл сұранысына Ақтау қалалық қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан жауап берді.
-Қалаға жақын арада жетпіс қоғамдық көлік келуі қажет. Сол көліктер берілсе, №8, №4, №4Л маршруттары бойынша екі қоғамдық көлікті Өмірзақ ауылына қосу жоспарда бар. Ескі тротуар бар болғандықтан тротуар салу өткен жылғы жобаға енгізілмеді. Дегенмен тұрғындардың сұранысы бойынша тротуар салудың жаңа жобасын бастадық. Қазір жобалау жұмыстары жүргізілуде,- деді Асхат Нұрмұхан.
Кездесуде «Приозерный» және «Приморский» тұрғын-үй массивтерінің атауын өзгерту мəселесі қозғалды.
-Қазіргі таңда «Приморский» атауын «Ақжелкен», «Приозерный» атауын «Оймаша» деп өзгерту бойынша облыстық ономастикалық комиссияның, қалалық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiн және қалалық қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алдық. Ендігі кезекте әділет органдарында тіркеу жұмыстары жүргізіледі,- деді Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев.
Кездесуде қала әкімінің орынбасары Ербол Жұмағазин тұрғындардың жеке мәселелері бойынша өтінішін тыңдап, жауапты бөлім басшыларына тапсырма берді.