Әлеуметтік желі беттерінде көлік ішінен түсірілген видео тарады. 3 бөлімге созылған оқиғаның желісі – жол қозғаласы ережесін өрескел бұзған жүргізуші туралы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қарсы бағытта көлік жүргізіп, жол қозғалысын бұзған жүргізуші видеосын «шатыры бар ағаң», «шатыры мықты ағаң» деп атап, желіге жариялаған. Оның бұл қылығына желі қолданушылары өз пікірлерін білдірді.
– Шатыры бар емес, шатыры кеткен адамның тірлігі ғой. Жігіттер, бұл мықтылықты емес, ақымақтықты көрсетеді,- деді олар.
Оқиғаға қатысты облыстық ПД мамандары шара қолданылғанын айтты.
- Лада 217050 автокөлігінің қарсы бағытқа шығып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған деректері көрсетілген бірнеше бейнеролик жарияланды. Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен жүргізушінің жеке басы анықталып, 20 жастағы құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-тің 596, 590, 606, 595, 593-баптары бойынша бес әкімшілік хаттама жасақталды,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, автокөлік айыптұраққа қамалды.