Биыл 8 ай ішінде Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1 302 өтініш жолданған. Осы өтініштердің аясында тұтынушыларға 31 820 554 теңге қайтарылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департментінің басшысы Рауан Мұхаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, тұрғындардан жазбаша - 393, телеграм-бот арқылы – 34, жеке қабылдауда – 380 және жедел желі бойынша консультация – 495 өтініш келіп түскен. Департамент 1 302 өтінішті қарады. Оның 725– і қанағаттандырылды, 504 – і түсіндірілді.
- Қазіргі таңда тұтынушылар интернет дүкендерден киімге және өнімдерге тапсырыс береді. Алайда кейбір тұрғындар әлеуметтік желіде алданып қалады. Сол себепті тапсырыс бергенде өте мұқият болуыңызды сұраймыз. Жалпы Департмант «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша 22, ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы аясында 1, барлығы 23 тексеріс жүргізді. Биыл заң талаптарын орындамаған 21 кәсіпкерлік субьекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды,- деді Рауан Мұхаев.
Брифинг барысында «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» ҚБ төрағасы Никар Рафикова тұтынушы құқығы туралы айтып өтті.
- Бүгінгі таңда тұтынушылар құқығын қорғау саласы еліміздегі ең проблемалы бағыттардың бірі. Оның негізгі себебі - азаматтардың өз құқықтары мен заңды білмеуі, тараптардың шиеленістерді шешудегі қиындықтары, тұтынушылардың дауларды шешу кезінде әрекет алгоритмін білмеуі. Саланың оң нәтижелі жұмыс істеуіне ықпалдасу мақсатында 2021 жылдан бері тұтынушылар құқығын қорғайтын бірыңғай ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Құқығыңыз бұзылған жағдайда e-tutynushy.kz онлайн – платформасына өтініштеріңізді жоладай аласыздар. Аталған ұйым өз кезегінде сіздің өтінішіңізді қарап, көмек көрсетуге міндетті. Әйтпеген жағдайда өтініш сіздің тұтынушылық құқығыңызды қорғау үшін қажетті заңды шаралар қолданатын жауапты мемлекеттік органға барып түседі,- деді Никар Рафикова.