Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен аппараттық кеңес өтті. Онда өңірдегі балық шаруашылығының жұмысына байланысты маңызды мәселелер талқыланды, - дер хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында балық шаруашылығының жаңа субъектілерін құру және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік санын арттыру, балық шаруашылығын дамыту үшін жер учаскелерін беру, балық өсіруге қажетті инфрақұрылым салу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазіргі таңда өңірде тауарлық балық өсіруге маманданған 3 кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, "Kazakh Osseter" ғылыми-өндірістік кәсіпорны ЖШС, "Caspian Riviera" ЖШС және "Nataly Company" ЖШС.
Бұдан бөлек Форт-Шевченко қаласында "CaspyAltynBalyk" ЖШС тұйық сумен жабдықтау қондырғысын пайдалана отырып, бекіре балықтарын өсіру және кейіннен қайта өңдеу жөніндегі жоба белсенді жүргізілуде. Аталған жобаны 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Бұл аймақтағы балық өнеркәсібінің дамуына ықпал етеді.