Көз алдыңызға су тасуға асыққан водовоз жүргізушінің бейнесі елестеп кетті ме? Жо-жоқ, бұл өлең жолдары қарапайым, ауыл мейірбикесі Назираның күнделікті әніне айналып кеткелі қашан?! Өйткені, жұмыс уақытында да, жұмыстан тыс уақытта да тұрғындардан шақырту түссе, ауылдағы жалғыз мейірбике Назира Ерғалиева аяғы жеткен жерге жаяу, алыстау жерге велосипед, болмаса жолдасының мотоциклімен барады.
Қым-қуыт тіршілікте басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ. Әрине, сырқаттанған адамның медицина қызметіне жүгінетіні белгілі. Әсіресе, аурудың кешке қарай мазалайтыны белгілі ғой, ымырт түскеннен кейін «Назира келе гөр» деген үлкен-кішіге, келіндік қызметін тастай жөнеліп, дәрі-дәрмек салынған қобдишасымен жаяу жүгіретін оның бұл әрекеті нағыз мамандығына деген жауапкершілігі деп білеміз. «Жедел-жәрдем көлігі жоқ» деп қолды бір сілтемей, қалайда жетудің амалын ойластыратын Назираға ауыл тұрғындары дән риза. Күрделі де, жауапкершілігі мол мамандығының арқасында ауыл тұрғындарының денсаулығын қадағалап, медициналық көмек көрсетіп жүрген ауыл мейірбикесінің жалпы еңбек өтілі 10 жыл.
«Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» демекші, Бекі ауылы аядай ғана ауыл болсада, тұрмыс-тіршілігі бар ауыл. Ұлы жолдың бойында орналасқан Бекіде тұрғындар саны күн санап артып келеді. Бірақ, өкінішке орай, жедел – жәрдем көлігі жоқ. «Жаңа мектептің құрылысы басталды» деп қуанған бекіліктер, енді «ауылға жедел-жәрдем көлігі келді» деп бір қуанса екен дейміз.
«Ауылдың басым көпшілігі үлкен кісілер, жедел-жәрдемнің көмегіне көп жүгінеді. Күндіз-түні телефоныма тыныштық жоқ. Шамам жеткенше, барлығына үлгеруге тырысамын. Алда – жалда аудан орталығына баратын жағдайлар болып қалса, жедел-жәрдем көлігін Ондыдан шақыртамыз, болмаса, ауылда кімде көлік бар соған айтамыз. Қазір, маман тапшылығы қатты сезіледі. Әйтпесе, тұрғындар «дәрі –дәрмегімізді уақытында ала алмадық» деп ренжісе, ауылдағы жалғыз мейірбике екенімді білген соң амал жоқ, ауруы жанына батса да, кезек күтіп жатып қалады. Осындайда қасымда тағы бір маман болса, қандай жақсы болар еді деп ойлап қоямын»,-дейді Назира.
Мықты дәрігер мезгіл де, мекен де таңдамайды. Алайда, қазір шалғай ауылдарға барып, жұмыс жасағысы келетіндер жоқтың қасы. Бәрі аудан, қалаларда жұмыс жасағысы келеді. Жоғарғы оқу орнын бітірген жастар ауылдағы маман тапшылығына бас ауырта қоймайтын секілді. Әлде, ауыл мамандарына көңіл аз бөліне ме?
Сондықтан, ауылда туып, ауылда қызмет атқаратын Назираның осындай тиянақты ісі үшін ауыл тұрғындары дән риза. Бұл да болса үлкен абырой, адал еңбектің жемісі.
Жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін медицинада қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.
А.РАХМЕТОВА