Бүгін Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері үшін оқыту бағдарламасы басталды. Үш күндік оқытуға 50 шақты маман қатысып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқытудың алғашқы күні өмірлік дағдылар мен жастар ісі бойынша маман, бейресми білім беру тренері, ойлау дизайнының халықаралық UPSHIFT әдістемесі бойынша сертификатталған ментор Нұрлыбай Наурызбаев қатысушыларға жастар ісі мәселелері мен оның негізгі қағидаларын таныстырды. Ал Білім беруді тұрақты дамыту қоры интеграциялау бөлімінің менеджері, жастар ісі жөніндегі маман, бейресми білім беру тренері Сабыржан Кеңшілік жастар орталығын дамыту барысындағы кедергілерге тоқталды. Сонымен қатар жастар жұмысын жетілдіруге арналған дағдыларды атап өтті.
«Өңірдегі жастар ресурстық орталықтары мамандарын басын біріктірген үш күндік оқыту сәтті басталды. Бір-бірімізбен танысып, пікір алмасып, тәжірибе жинақтап жатырмыз. Одан бөлек жастар орталықтарының жұмысын жүйелендіру, қорқынышты жеңу арқылы нәтижеге жету бағытындағы ақпараттармен таныстық. Алдағы уақытта алған тәжірибені өз қызметімізде пайдаланамыз», - дейді Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Саламат Ғайыпбаев.
Қазіргі таңда қатысушыларға NEET санатындағы және осал топтағы жастармен жұмыс тақырыбында семинар-тренингі өткізіліп жатыр.
Оқыту бағдарламасы 9 маусымға дейін жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА