Биыл Жаңаөзендегі орталық жылу қазандығы аумағында сыйымдылығы 5000 текше метр болатын резервуар іске қосылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жоба құны- 580 миллион теңге. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған. «Өзенжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас инженері Әділбек Рубилов тамыз айында қолданысқа берілетін резервуардың негізгі қызметі – жылу қазандықтарындағы су жеткіліксіз жағдайда резервуардағы салқын су қоры есебінен халықты жылумен қамтамасыз ету екендігін айтты.
- Орталық жылу қазандығын «ӨзенИнвест» мекемесі жеткілікті деңгейде сумен қамтамасыз ете алмаса, жаңа резервуардағы су қоры есебінен қала халқын 2-3 тәулік бойы жылумен қамтамасыз етеміз. Бұдан бөлек жоба аясында суды тасымалдаушы «ӨзенИнвест» мекемесінің НСП-3 су қоймасынан орталық жылу қазандығына дейін жүргізілген диаметрі 500 мм-лік құбырдың 220 метрі жаңартылды. Сондай-ақ коммерциялық есеп жүргізетін есептеуіш құрылғы орнатылды.«Өзенжылу» мекемесі, яғни орталық жылу қазандығы Жаңаөзен халқын жылумен қамтып отырған бірден-бір мекеме болғандықтан, жоба жергілікті әкімдік тарапынан қолдау тауып отыр», - деді Әділбек Рубилов.