Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылының тұрғындары тұрмыстық қалдықтардың уақытылы жиналмайтынына наразы. Олардың сөзінше жәшіктің сыртына үйілген қоқыс бірнеше айлап тұрады. Әрі ауылдың әр бұрышындағы қоқыс тастайтын орын полигонға айналып барады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындар қоқыс алаңыз түрлі бактерияның ошағы болып тұрғанын да айтады.
- Мен тура қоқыс жәшігінің маңындағы үйде тұрамын. Аулама целлофандар ұшып келеді. Қоқыстың ішінде өмір сүріп жатырмыз. Шынымды айтсам мен жын қағуға айналдым. Мына қоқыс алынбайды. Айтсақ, ешкім тыңдамайды. Енді кімге айтатынымды білмеймін. Әбден шаршадық, - дейді Рахат ауылының тұрғыны Жаһангер Досжанов.
Тұрғындардың өзі үйілген қоқысты арнайы полигонға апарған. Алайда мәселені шеше алмай-ақ қойдық деп отыр. Олардың сөзінше қалдықтардың бұлай жиналуына басқа көшелерде қоқыс контейнерлерінің болмауы себеп. Ал әкімдіктегілер болса халықтың бұл сөзіне растап отыр. Жыл басынан бері ауылда қоқыс шығаруға «WRC» серіктестігі жауапты екен. Ал Рахат ауылында 35 мыңнан аса халық тұрады. Осынша халықтың қоқысын шығаратын 9 дана техникасы ғана бар. Оның ішінде тек үшеуі қоқыс таситын көлік.
- Рахат ауылында 600-ден астам контейнерлеріміз бар. Соған қосымша 200 контейнер қою жұмыстарын атқарып жатыр. Біздер биыл қанша контейнер қоямыз, алдағы жылдары қанша контейнер қоятынымыз жөніндегі жұмыстармен айналысып, өтінімді бергенбіз, - дейді Жаңаөзен қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Ербол Сариев.
Алайда Жаңаөзен әкімдігі халықтың да қоқыс шығару үшін 3 жылдан бері қаражатты толық өтемегенін мәлімдеді. Тек Жаңаөзен қаласының тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне 200 млн теңгеге жуық берешегі бар екен.
Махаббат Нұржанқызы