ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова итбалықтардың жаппай қырылуының мұнай өндіруге қатысы бар ма деген журналист сауалына жауап берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өткен жылы мұнай компанияларға қатысы болған жоқ. Бірақ жекелеген итбалықтарға қатысты белгілі бір физикалық әсерлер байқалды, болжам бойынша олар кемелермен соқтығысқан. Адамның осындай немесе басқа әрекеті кері әсер ететінін түсіну керек. Біз балық аулайтын ауларды өте көп табамыз. Кейде итбалықтар балық аулайтын торға түсіп, өледі. Бірақ біз мұнаймен тікелей байланысын таппадық», - деді Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысында.
Ведомство басшысы сондай-ақ өткен жылғы жағдайда вирустар анықталғанын қосты.
«Сәйкесінше, таралу қалай болды деген сұрақ туындайды. Биылғы жылға сынамалар алынды. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша біз дереу ақпаратты жариялаймыз», - деп қосты Зульфия Сүлейменова.