19 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне өткізілген мереке аясында өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан мәдениет саласының үздік қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды. Кеш одан әрі әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концертке ұласты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен мәдениет және өнер қызметкерлері күнін атап өтуге арналған салтанатты іс-шара өтті.
- Мәдениет және өнер өкілдерінің арқасында тұрғындарымыз әрдайым рухани жан азығын алып, сусындайды. Олардың жұмысы мен шығармашылығы өскелең ұрпақтың тәрбиесін үйлесімді ұйымдастыруға, жеке тұлға болып қалыптасуымен қоғамға араласуына баға жетпес үлес қосады. Мәдениет-тамыры терең, ұрпақтар сабақтастығының қайнар көзіне айналған ұлттың рухани құндылығы. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет саласына қамқорлық жасау — болашаққа салынған инвестиция екенін атап өтті. Өзіндік мәдениетті, ұлттық өнерді сақтау және дамыту үшін жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Осы жолда еңбек етіп жүрген баршаңызға шығармашылық табыс пен шабыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін! - деп құттықтады Нұрлан Ноғаев.
Салтанатты шарада мәдениет және өнер қызметкерлері Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, төсбелгілерімен және алғыс хаттарымен марапатталды. Мерекелік концертте әртістер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында мәдениет және өнер саласының 2000-нан астам қызметкері бар. Жыл сайын өңірде жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтеруде. Мәселен, биылғы жылы Сайын-Шапағатов ауылында Мәдениет үйі мен кітапхана, Қарақия ауданында мұражай ғимараты пайдалануға берілген. Сондай-ақ, 2024 жылы Жаңаөзенде музыкалық-драма театр мен Атамекен және Дәулет ауылдарында мәдениет үйлерін салу жоспарланған.