Жаңаөзендік Бекзат Тоғызбаев бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгеннен кейін пластик өнімінен терезе дайындауды бастайды. Бүгінде ол бір айда 150 терезе жасауды жолға қойған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Бекзат Тоғызбаев Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі. Оқуын аяқтап, Жаңаөзен қаласына қайта оралған ол әу баста өз мамандығына сәйкес мұнай өнеркәсібіне қызметке орналасуды көздегенін айтады.
Алайда бұл ойы жуық арада орындала қоймасына көз жеткізген ол қол қусырып отырмай, кәсіпкерлік саласында бағын сынап көруді жөн деп санайды. Алғыр азамат мемлекет тарапынан қолжетімді мүмкіндіктерді зерделейді. Нәтижесінде, «Жаңа бизнес-идеяларды іске асырылуға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантты» яғни 1 млн 275 мың теңге жеңіп алуға жұмыстанып, өз кәсібін ашады. Қазіргі таңда, кәсіпкер бүкіл Жаңаөзен және қала іргесіндегі ауыл халқына пластик терезелерді орнату қызметін ұсынып отырғанын айтады.
-Жеке кәсіпке бет бұрғаныма мүлдем өкінбеймін. Ай сайын орташа есеппен алғанда 700 мың теңге мен 1 000 000 теңге аралығында табыс табамын. Өз мүмкіндігіңді пайдаланып, кедергісіз ақша табуға болатынына көзім жетті. Жасаймын деген адамның қолынан барлығы да келеді. Жұмыспен қамту орталығымен үнемі байланыста отырамын. Алдағы уақытта жұмыс орнымызды кеңейткім келеді. Сол мақсатта жаңа гранттар, мүмкіндіктер туралы ізденіп, қолдаудың көптігін байқап жүрмін,- дейді Бекзат Тоғызбаев.